RU

Билл Гейтс коронавирус пандемиясы қашан аяқталатынын айтты

Билл Гейтс
Билл Гейтс. Фото: Mike Cohen/Getty Images for The New York Times

Microsoft негізін қалаушы Билл Гейтс коронавирус пандемиясы 2022 жылдың ортасына қарай аяқталуы мүмкін деген болжам жасады, деп жазады ТАСС.

Билл Гейтстің сөзінше, вакцинация, табиғи иммунитетті қалыптастыру, сондай-ақ жаңа препараттарды ойлап табу - коронавирус жұқтыру көрсеткіші мен өлім-жітім деңгейін төмендетуге септігін тигізеді.

Егер аса қауіпті мутациялар пайда болмаса, онда коронавирус маусымдық тұмау деңгейіне жетеді. Сонымен бірге, ол келер жылы вакцина жеткізу мәселесі шешіледі деп үміттенетінін айтты.

Осы ретте Билл Гейтс әлемді жаңа пандемияның пайда болуына жол бермеу үшін тұмаудың таралуымен белсенді күресуге шақырды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Билл Гейтс коронавирус пандемиясынан кейін әлемге тағы екі қатер төніп тұрғанын мәлімдеген еді.

Ол климаттың өзгеруін алғашқы қатерге жатқызды. Гейтс климаттың өзгеруінен болатын адам өлімінің саны коронавирустан қайтыс болғандармен салыстырғанда әлдеқайда көбірек болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

Миллиардердің пікірінше, әлемге төніп тұрған екінші қауіп - биотерроризм.

Оның айтуынша, егер әлдебіреу әлемге зиянын тигізгісі келсе, ол қауіпті вирус ойлап таба алады және бұл табиғи эпидемияға қарағанда әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942804-bill-geits-koronavirus-pandemiyasy-qasan-ayaqtalatynyn-aitty/