"Үйреніп келемін": Түркістанға келін боп түскен тай қызы сиыр сауып, сәлем салып жүр (видео)
Жарияланған күні:
Таиланд қызы Корнханок Хачок еліміздің оңтүстік өңіріне келін боп түсіп, қазақ отбасының түтінін түтетіп отыр. Заңы қатал, салт-дәстүрді берік ұстанатын Түркістан облысының жігітіне тұрмысқа шыққан қыз бүгінде сиыр сауып, үлкендерге иіліп сәлем береді. Тай қызының Қазақстандағы өмірі туралы "Еуразия бірінші арнасы" арнайы сюжет жасады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Түркістандық Рахат Анапия тай қызымен бұдан 6,5 жыл бұрын АҚШ-тың Бостон қаласында оқып жүргенде танысқан.
Бастапқыда ағылшын тілін дамыту үшін бойжеткенмен жақын араласа бастаған Рахат, уақыт өте келе достық көңілдің сезімге ұласқанын түсінген. Қыздың мінез-құлқы мен өзін өзі ұстауына қарап, оны жар етуге дайын екеніне көз жеткізеді.
Сөтіп, бұл ойын жас жігіт анасына айтады.
"Бір әкеп көрсеттім. Оған қазақ халқының салт-дәстүрін, үлкендерге қалай құрмет көрсету екенін, міндетін айтып, түсіндірдім. Келмей тұрып дайындадым", - дейді Рахат.
Алайда ұлының өзге ұлт өкіліне үйленгісі келетінін естіген әкесі бастапқыда бұл некеге қарсы болған.
"Дұрыс көрмедім. Оның үстіне барлығы "неге сонша алыс жерден алып жатыр, қазақ қызы табылмады ма" дейді. "Сен неге айтпайсың дегендер" де болды. Бірақ, бір әкеп көрсетті. Әжемізге ұнады. "Мына қыз ибалы, инабатты қыз екен, жақсы келін болады" деді", - дейді Рахаттың әкесі Марат Әміров.
Рахаттың айтуынша, әулеті бірінші кезекте келіннің мұсылман болғанын қалаған. Сондықтан келін болып түскен күні-ақ, тай қызы мұсылмандықты қабылдап, есімін Гаухар деп өзгерткен.
Отбасында жалғыз қыз болса да, Гаухардың ата-анасы қызын қазақ жігітіне беруге келісімін қорықпастан беріпті. Себебі, тай халқының заңы бойынша қыз 18 жасқа жеткенде өз бақытын тауып, жатжұрттық болуға дайындалады-мыс.
Бүгінде Гаухар ел түкпіріндегі ауылда тұрады. Таңертең ерте тұрып, сиыр сауады, ата-енесіне шай-тамағын беріп, жұмысқа аттандырады. Отбасы қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанады. Сондықтан, Гаухар да барынша отбасының қағидаларын үйренуге тырысуда, дейді Рахаттың анасы. Одан бөлек, жас келіннің қазақ тілін де меңгеріп жатқанын айтады.
Тай халқынан қыз алған отбасы екі ұлттың салты өте ұқсас келетінін атап өтті. Мәселен, олар да қызын ұзатып, қалың мал сұрайды екен. Десе де, тай қыздарының қалыңмалы ондаған миллион көрінеді.
"Бізде қызға 1-2 млн теңге қалыңмал төлесе, оларда қалыңмал құны - 50 млн теңге. Мен басынан-ақ қалыңдығымның ата-анасымен танысып, олардың батасын алдым. Бірақ, қалыңмалға келгенде, оларға өзіміздің салтымызды түсіндіріп, ортақ келісімге келдік. Осылайша, қалыңмалдың орнына үлкен той жасадық", - дейді Рахат.
Тай қызының қонақ келсе, шәугімін көтеріп, алдынан шығатынын көрген жігіттің туыстары да Гаухарды бірден ұнатып қалғандарын айтады. Ал Гаухардың өзі туған жерін сағынғанда облыс орталығына барып, мейрамханалардан тай халқының тағамдарын жеймін, дейді.
"Қазақтың тағамы ұнамайды. Майлы, ащы емес. Үйреніп келемін", - дейді ағынан жарылған тай қызы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942851-uirenip-kelemin-turkistanga-kelin-bop-tusken-tai-qyzy-siyr-sauyp-salem-salyp-zur/