"Сұранысқа ие Сыр күріші": Өңірде алты жыл бұрын құрылған шаруашылық қалай еңсе көтерді

Опубликовано:

Сыр бойы
Фото: syrboyi.kz

Сыр елінде алты жыл бұрын құрылып, бүгінде 135 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған шаруашылық туралы syrboyi.kz сайты жазды.

Сыр күріші сұранысқа ие. Әуелден солай. Қызылорда десең, күріші еске түседі. Әсіресе, сырттағы ағайынға. Қазақстанның ішкі және сыртқы нарығында өтімді өнімнің Сыр бойында жайқалатыны жергілікті жұртқа да мақтаныш.

Қармақшы ауданындағы «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев жайлы бұрын да естігенбіз. Бізге белгілісі – ана жылы індет тарағанда ең бірінші болып 700 оттегі баллонын алуды ұйымдастырған осы азамат. Қап-қап күрішін асып-тасқаннан таратпағанын білеміз. Халыққа болсын деген қарапайым шаруашылық иесі. «Ел болмаса, еткен еңбегіңнен не пайда?» дейді ол сөз арасында. Жұртқа жанашыр болуда алда жүрген жігіт ағасын қырман басынан таптық. Алты жыл бұрын құрылған шаруашылықтың қалай еңсе көтергенін өз аузынан естіп көріңіз, ендеше.

«2015 жылы Ақтөбе ауылында құрылдық. Басты саламыз – күріш өсіру. Өсіріп қана қоймай, дайын өнім шығарып экспорттаймыз. Ол кезде мына сіздер отырған кеңсе түгілі қырманның орны да жоқ еді. Бәрін басынан бастадық қой. Екі жарым жыл ішінде қойма, қырман орнын дайындап үлгердік», – деп бастады әңгімесін Нұрлан Іздібаев. Елуден енді асқан шаруашылық төрағасы өзі туған Ақтөбе ауылындағы жұмыс ырғағын таныстырып өтті.
«Таза өнім шығаруда әзірге өзге шаруашылықтардан алдамыз. Биылдың өзінде 80 центнердің үстінде. Әр гектарына. 1756 гектар күрішті осылай есептеп отырмын. Бір-екі күнде егінді бітіреміз. Мысалы, Болат Макенов бастаған бригада 435 гектардан орташа есеппен 77 центнер өнім жинауда. Бақытжан Әбілқайыровтың 3-бригадасы гектарына 80 центнер жинап отыр. Мейірбек Аманбалаев және Бақытжан Мұнарбаев деген жігіттеріміз осы шамада келе жатыр», – дейді  ол.

Шаруашылық технология жақсы дамыған уақытта шетелдік лазерлі құрылғылар арқылы жерді тегістеу мүмкіндігіне ие болған. Жердің 80 проценті итальяндық лазермен тегістеліпті. Осының арқасында су егінге толық жеткен. Бұрын бір гектар жерге 24 мың текше метр су шығындалса, тегістелген соң 12 мың текше метр су жарайды екен.

«Жоңышқалық жерлерді 2-3 реттен орып, халыққа арзан бағада бердік. Одан қалды, қуаңшылық болған Арал, Қазалы аудандарына да көмек көрсетілді. 2018 жылы күріш ақтау зауытын іске қостық. Өнім Украина, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстанға жіберілуде. Бұған дейін Грузиямен байланыс жоқ еді. Биылдан бастап ол мемлекетке де күріш сорттарын экспорттап отырмыз. Өнім «Ақтөбе и К» маркасымен сырт елдерге шығуда. Күріш ақтау зауытымыз бен ондағы барлық жабдықтар оңтүстік кореяныкі, сапасы жоғары. Сағатына бес тонна қара қүрішті ақтай алады», – дейді шаруашылық төрағасы.

Аталған шаруашылық тұқым өңдеу және сақтаумен де айналысады. Әсіресе, сұранысқа ие «Лидер», «Янтарь» сорттарын ұдайы жақсы қалыпта, құрамын бұзбай өсіріп келеді. Бұрын Қармақшы ауданында жалғыз «Ақтөбе және К» ЖШС тұқым сатумен айналысса, қазір бұл жұмыстарды осындағы «Жаңажол» ЖШС да қолға алыпты.

Былтыр 140 мың центнерге жуық өнім жинаған серіктестік 135 адамды тұрақты жұмысқа алған. Биыл мұнан да артық өнім жинауды мақсат етіп отыр.

Құрылғанына алтыншы жылға қараған шаруашылық аз жылда еңсесін тіктеп үлгерген. Бір орталықтан жылытатын кеңсе ғимараты, қонақ үй, азық-түлік қоймасы салынып, ішін керектімен толықтырған. Заман талабына сай 80 тонналық су жаңа электронды таразы алынып, жанынан арнайы ғимарат та тұрғызылыпты. Қырман ішіндегі 500 шаршы метр асфальтталса, оның сыртқы қоршауы түгел жаңаланған. Күріш сақтайтын қойманың барлығы жаңартылған соң, ауыл шаруашылығы машиналарын жөндеу шеберханасы, диспетчерлік, қарауыл пункттері, техникалар сақтайтын орын да қайта қалпына келтіріліпті.

Еңбекқор егіншілерге тұрақты түрде сыйақы беріп келе жатқан Нұрлан Іздібаев «басқа басқа, дала жұмысшыларында еш проблема болмауы тиіс» дейді. Бригадирлер Болат Мәкенов, Бақытбек Мұнарбаев, Бақытжан Әбілқайыров, күрішшілер Басқынбай Қайырқұлов, Бақыт Нұрманов, Баубек Кетебаев, жатка айдаушы Сәкен Бағланбаев, Нұрлан Әбдіхалықов, Ғалымжан Жақсылықов сияқты жігіттерін шаруашылық төрағасы мақтанышпен айтты. Сондай-ақ астық тасымалдайтын техниканы тізгіндеген Бақыт Жәкенов, Еркін Жақсылықов, Бауыржан Күшікбаев, Руслан Ахметов, Арман Нұрашов, Нұржан Мереков сияқты азаматтардың еңбегін мысал етті. Комбайнерлер Руслан Бижанов пен Нұрбол Наурызовты да ұмытпады.

«Былтыр 4 көлік мінгіздік. Комбайнер Қайрат Байбосынов, бригадир Мейірбек Аманбалаев, күрішші Нұрбол Сахиев, жатка айдаушы Қайыржан Ілиясов сияқты еңбеккерлер «Нива» көлігін алды. Бұл – бес жыл ішінде нағыз еңбек үлгісін көрсеткен азаматтарға құрметіміз. Одан бөлек, қымбат тұрмыстық техника түрінде сыйлықтар жылда беріледі. Осылайша былтыр 47 млн 700 мың теңгеге марапат ұйымдастырылыпты. Бұл – көлік алған қаржыдан бөлек ақша. Жалпы бізде ең төменгі айлық 70 мың теңгеге жуық. Орташа айлық 100 мың теңге шамасында. Тоқсан сайын алатын қосымша сыйақысы тағы бар», – дейді Нұрлан Іздібаев.

Ақтөбе ауылында екі шаруашылық бар. Бірі осы серіктестік болса, екіншісі – «Оңталап» шаруа қожалығы. Екеуі де елге көмек беріп келеді. Мысалы, ауылда Қарттар күнінде 3 тоннадан астам күріш үлестірілген. Тұрмысы төмен не мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалуда.

Тұрғындар қажеттілігіне техника беру, шаруашылықтарға қолдау көрсету, мектеп пен балабақшаның іс-шараларына қаржылай демеушілік те жыл бойы жалғасып келеді.

Автор: Ержан Қожас.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942874-suranysqa-ie-syr-kurisi-onirde-alty-zyl-buryn-qurylgan-saruasylyq-qalai-ense-koterdi/