Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жиырма биені сауып, қымызды ерекше баптайтын торғайлық азамат туралы білесіз бе

Опубликовано:

Торғайлық азамат
Фото: ЭК/Арман ТОРҒАЙҰЛЫ

Қостанай қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан Айсары ауылында мал шаруашылығын ұршықтай иіріп отырған Абат Төлебаев тұрады. Еңбекқор азамат - бие сауып, қымыз баптаудың нағыз шебері, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Мыңнан астам адам тұратын елдімекенде жаңа шаруа қожалығы биыл сәуірде құрылды.

Содан бері жергілікті кәсіпкер жылқы бағып, қымызбен айналысуды қолға алған.

"Бие сүтін, қымызды Қостанайдан, басқа жақтардан келіп алып жатқандар бар. Өтімі жақсы", - дейді аталған шаруашылықтың бар тірлігін атқарып жүрген Абат.

Торғайдан отбасымен көшіп келген Абатқа жергілікті кәсіпкер үй алып берген. Бес баласы бар ерлі зайыптылар алтыншы перзентін күтіп жүр. Жарына салмақ салмай, сырттағы жұмыстың бәрін отағасының өзі-ақ тындырады. Биелерді сауып, қымызды өзі баптайды.

"Әйелімнің аяғы ауыр болған соң ғана емес, былайғы күндері де жұмыстың бәрін өзім істей беремін. Биелер алғашында асау еді, қазір үйренді. Желіде 22 бас бие бар. Алдағы жылы мал басын елуге дейін жеткіземіз деп отырмыз", - дейді басаспап жігіт.

Абаттың ұл-қыздары мектепте оқиды. Естиярлары әкесіне қолғанат болып, кейде көмектесіп тұрады.

"Балаларым әзірге "алып кел", "апарып берге" ғана жарап тұр. Өскенде олардың еңбекқор болғанын қалаймын", - дейді көпбалалы әке.

Абаттың еңбекқорлығы көпке үлгі. Тіпті елдімекен басшысының өзі бұл туралы пікір білдірді.

"Абаттың өзі қандай жақсы азамат болса, қымызы да сондай. Ісіне өте ұқыпты қарайтын адам",- дейді ауыл әкімі Бауыржан Нұрғазин.

Торғай
Фото: ЭК/Арман ТОРҒАЙҰЛЫ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943031-ziyrma-bieni-sauyp-qymyzdy-erekse-baptaityn-torgailyq-azamat-turaly-bilesiz-be/

pixel