"Үлде мен бүлдеге оранып жүреді": Журналист Қасым Аманжол айтыскер ақындарды сынға алды
Жарияланған күні:
БАҚ-та өзекті мәселелерге өзінің ойын ашық білдіретін танымал журналист Қасым Аманжол айтыскер ақындардың қоғамдағы рөлі туралы пікірін айтты. Журналист оларды елдің көңілін көтеруге арналған адамдарға теңеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі "Qasqa Jol" Youtube арнасына сілтеме жасап.
Қасым Аманжолдың сөзінше, айтыскерлер – журналистикадан плагиат жасайтын жеңіл кәсіп иелері.
"Айтыскерлер қауымы – асабаның ар-жақ бер жағындағы қауым ғой. Олар да сол елдің көңілінен шығатын нәрселерді айтуға тырысады. Жалпы жеңіл шоу жанрындағы әртістер сондаймен айналысады. Өз басым айтыс көрмеймін, айтыстағы лозунгтар, позициялар күлкі шақырады",- деді Қасым Аманжол.
Оның сөзінше, айтыскер ақындардың аузынан шыққан сөздерін журналистикадағы көтерілетін мәселелердің салмағымен салыстыруға болмайды.
"Ешқашан журналист пен айтыскерді қатар қоймаймын. Себебі айтыскер сол жерде тұрған жүлде емес жанын салып, тіпті журналистің көтеріп отырған мәселесін плагиат жасаумен айналысады. Алдын ала «заготовка» жасағанда мерзімді басылымдардан проблемаларды теріп алады. Айтыскер деген жеңіл қауым, елдің көңілін көтеруге арналған адамдар. Бірақ оларды ешқашан терең кәсіп иелері деп айта алмаймын. Олар сөйтіп өмір сүреді, халықтың ықыласына бөленеді, ет жейді, бас мүжиді, төрде отырады. Солай отыра берсін", - деп пікір білдірді журналист.
Осы тұста бағдарлама жүргізушісі Абай Сейфулла айтыскер Ринат Заитовтың саясатқа баруы туралы сөз қозғаған болатын. Журналист қазіргі айтыс жұлдыздарының әрекетіне өзінше баға берді.
"Солай жылтың-жылтың етеді де, артынан өздерінің кім екені белгілі болып, масқараға ұшырап жатады. Қызығы – олар қайтадан өз қауымын тауып алып, үлде мен бүлдеге оранып жүре береді. Мен бұларды бақсы-құшнаш деймін. Бақсы-құшнаш бүгін былай сайраса, ертең басқаша сайрап жүреді. Қазақстан сияқты балаң мемлекеттерде мұндай адамдар сүйкімді бола береді",- дейді журналист.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943067-ulde-men-buldege-oranyp-zuredi-qasym-amanzol-el-aldynda-zurgen-aityskerlerdi-synga-aldy/