Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2021 жылы мыңдаған қазақстандық жаңа жерге қоныс аударып, жаңа өмір бастады

Опубликовано:

ФОто
Фото: NUR.KZ

2021 жылдың 10 айында 1800-ден астам қазақстандық «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бір өңірден екінші өңірге қоныс аударып, жаны қалайтын жұмыс тапты, жұмыс іздеушілердің басым бөлігі Павлодар облысын таңдап, ол жаққа 759 отбасы қоныс аударды.

ЖАҢА ЖЕРДЕН ЖҰМЫС ТАПТЫ

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бағыттарының бірі – «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» еңбек күші артық өңірлердің тұрғындарына мамандар жетіспейтін облыстарға қоныс аударуға мүмкіндік береді.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 2021 жылдың 10 айында еңбек күші тапшы өңірлерге 1 814 отбасы немесе 6 201 адам қоныс аударды.

Қоныс аударғандардың 2 610-ы жұмысқа қабілетті жаста. Олар басқа өңірге көшіп барып, «өздерін тапты» деуге болады, яғни дарыны мен қабілетін өзі қызығатын салада байқап көруде. Жаңа мекенде 130 адам бизнесті қолға алса, 8 адам оқуға жіберілді, 1 866 адам жұмысқа орналастырылды.

Мамандықтарға келер болсақ, қоныс аударушылардың көбісі мектеп мұғалімі, колледж оқытушысы, бала бақша тәрбиешісі және оқу орындарындағы психолог сынды білім беру саласындағы жұмыстарға орналасуда. Сондай-ақ еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударушылар арасында денсаулық сақтау саласы да зор сұранысқа ие. Көптеген қоныс аударушылар емдеу мекемелерінен жұмыс тауып, медбике, лаборант, фельдшер, фармацевт ретінде жұмысқа кірісіп кетті. Қоныс аударушылар арасындағы білікті дәрігерлердің болуы өңірлерде сапалы медицинаға қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, қоныс аударушылар арасында жұмысқа орналасуға сұранысқа ие слалардың бірі– ауыл шаруашылығы. Жаңа жерлерге білікті мал дәрігерлері, зоотехниктер, агрономдар келіп жатыр. Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік сектордан механизаторлар, дәнекерлеушілер мен басқа да мамандар да жұмыс тауып жатыр.

Жаңа жерде кәсіпкерлікті қолға алғандар арасынан 7 адам «Еңбек» бағдарламасы аясында микрокредит алса, тағы 48 адам жаңа мекенде жеке бизнесін ашу үшін мемлекеттік грантқа ие болды.

2021 жылы «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бағыты аясында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары қоныс аударушыларды қабылдайтын өңірлер ретінде таңдалды.

enbek.kz электрондық еңбек биржасының мәліметтері бойынша қабылдау өңірлерінде денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіптік өндіріс, ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар тапшы.

Мәселен, 18 қарашада Ақмола облысында 2 791 вакансия, Шығыс Қазақстан облысында 6 198 вакансия, Қостанай облысында 6 643 вакансия, Павлодар облысында – 6 243 вакансия, Солтүстік Қазақстан облысында 2 893 вакансия бар.

ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАРДЫҢ ТАҢДАУЫ. ТАҢДАУЛЫ ӨҢІРЛЕР

Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары кейінгі 10 жылда облыстағы халық саны жыл сайын 2 %-дан артық өсетін және/немесе халқының тығыздығы шаршы километрге 6,4 адамнан асатын шығу өңірлері болып айқындалған.

Биыл қоныс аударушылардың басым бөлігі Павлодар облысын таңдады, онда 759 отбасы немесе 2 858 адам (оның ішінде 1176-сы еңбекке қабілетті) қоныс аударды. Екінші орында – Солтүстік Қазақстан облысы, бұл өңірге 532 отбасы немесе 1967 адам (оның ішінде 792-сі еңбекке қабілетті) көшіп келді. Шығыс Қазақстан облысы – 253 отбасын (691 адам, оның ішінде 310-ы еңбекке қабілетті), Қостанай облысы – 212 отбасын (580 адам, оның ішінде 265-і еңбекке қабілетті) және Ақмола облысы – 58 отбасын (105 адам, оның ішінде 67-сі еңбекке қабілетті) қабылдады.

Ақмола облысында 35 адам, Шығыс Қазақстан облысында 184 адам, Қостанай облысында 233 адам, Павлодар облысында 782 адам, Солтүстік Қазақстан облысында 632 адам жұмысқа орналастырылды.

Ал жеке бизнес ашуда Солтүстік Қазақстан облысы кеңінен таңдалды, онда қоныс аударғандардың арасынан 41 адам кәсіпкер атанды, Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарынан 14 адамнан, Павлодар облысынан 4 адам, ал Ақмола облысынан 2 қатысушы жеке бизнесін ашты.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, жаңа мекендегі ерікті өңіраралық қоныс аударуды мемлекеттік қолдауға:

  1. көшуге материалдық көмек беру. Биыл оның мөлшері отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 204 190 теңгені (70 АЕК) құрайды. 2021 жылы 1 АЕК = 2 917 теңге.
  2. он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды өтеуге мынадай мөлшерлерде материалдық көмек беріледі:
  • қалалық жерлерге қоныс аударғандарға:

- бір адамға 20 АЕК (58 340 тенге) мөлшерінде;

- отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 АЕК (72 925 тенге) мөлшерінде;

- отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болса, 30 АЕК (87 510 тенге) мөлшерінде төленеді;

  • ауылдық жерлерге қоныс аударғандарға:

- бір адамға 15 АЕК (43 755 теңге) мөлшерінде;

- отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 18 АЕК (52 506 тенге) мөлшерінде;

- отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болса, 21 АЕК (61 257 теңге) мөлшерінде төленеді.

Қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында пәтерлер мен үйлер сатылып алынуда, ол үйлер қоныс аударушыларға жалдамалы тұрғын үй ретінде беріледі. Кейін бағдарламаға қатысушыларыдың жалдау шартын ұзартуға немесе жекешелендіруге мүмкіндігі бар.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары әлеуметтік келісімшартқа қол қояды, оған жұмыс беруші мен жергілікті атқарушы орган қатысады. Негізгі шарттардың бірі – 5 жыл бойы жұмыс берушінің қоластында жұмыс істеу. Әлеуметтік шарт, оның ішінде жалдамалы тұрғын үйде 5 жыл тұру шарты бұзылған жағдайда, жалға алу төлемдерінің сомасы қайтарылмайды , ал тұрғын үй «Еңбек» бағдарламасының келесі қатысушысына беріледі.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, қоныс аударушылар үшін Солтүстік Қазақстан облысында 2019-2020 жылдары 1 003 үй сатып алынды, оның шамамен 800-і қоныстандырылды., 2020 жылы Павлодар облысында 307 пәтер алынып, оған қоныс аударушылар 100 пайызға қоныстандырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943101-2021-zyly-myndagan-qazaqstandyq-zana-zerge-qonys-audaryp-zana-omir-bastady/

pixel