RU

Интернет-алаяқтардан қалай қорғануға болады: Маман кеңесі

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов интернет-алаяқтардан қорғану жолдарын айтты, деп хабарлайды Қазақпарат.

"Интернет-алаяқтықтан қорғанудың қарапайым іс-шараларына тоқталып, бірқатар ұсыныс айта кетейін.

Өзіңіздің жеке мәліметтеріңізді, пластик картаңыздың реквизиттерін ешкімге айтпаңыз. Аударымдар туралы түбіртекті, кодыңыз бен құпия сөзіңізді тіпті банк қызметкеріне де, полицияға да бермеңіз. Белгісіз және тексерілмеген сайттарға жеке мәліметтеріңізді сеніп енгізбеңіз. Тексеріп алмай, төлем жасамаңыз. Төлемді тауар алғаннан кейін аударуға келісуге тырысыңыз", - дейді ол.

Сонымен қатар, Қанат Нұрмағамбетов күдік тудыратын мәмілелерге ақша аудармау, табыс көзі белгісіз қаржылық сызбалардан сақ болуға шақырды.

Оның сөзінше, қосымшаларды орнату барысында App store мен Play Мarket-тің ресми дереккөздерін қолданған жөн.

"Банкинг қызметтеріне кіруге арналған құпия сөзді үнемі ауыстырып тұру, 3D-қорғанысты және банктер ұсынатын өзге де қауіпсіздік іс-шараларын қолданыңыздар. Өз есепшоттарыңызды, ақша қозғалысын үнемі тексеріп отырыңыз. Мұндай іс-шаралар алаяқтардан жалтаруға және ақшаңызды сақтауға мүмкіндік береді", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943345-internet-alayaqtardan-qalai-qorganuga-bolady-maman-kenesi/