"Көлігі де, өзі де жоқ": Алматы облысында жоғалып кеткен 27 жастағы жігіттің анасы жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылының тұрғыны Нүсіпова Гүлмира үйден шығып кетіп, қайтып оралмаған ұлы Алмасты іздеп жүргеніне бес айдан асты. 27 жастағы жігіт жеке көлігімен Алматы қаласына қарай бет алған. Алайда содан бері одан мүлдем хабар жоқ. Ұлының қайта оралатынынан үмітті ана елге жанайқайын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Гүлмира Нүсіпованың айтуынша, 1994 жылғы ұлы - Дәуренов Алмас Бауыржанұлы ешкіммен қақты-соқтысы жоқ, мінезі тұйық адам. Сол күні ол ауылдан 50 шақырым жердегі Алматы қаласына баратынын айтып, түске таман үйден шығып кетіпті.
Алайда жігіт сол кеткеннен үйіне оралмаған. Бастапқыда ұлы достарымен жүрген болар деп ойлаған ана қатты уайымдай қоймаған. Алайда телефонына жауап бермей, кейіннен тіпті телефонына қоңырау бармай қалғанын көрген ол жанын қоярға жер таппағанын айтады.
"Шынымен басында "достарымен жүрген болар. Жасы отызға келіп қалған, мазаламайын" деп қатты ойлаған жоқпын. Бірақ, екі-үш күн өткен соң, хабарлассақ телефоны өшірулі екенін көрдік. Содан іздей бастадық. Телефонына күніне мың мәрте хабарласамыз. Өшірулі болды. Полицияға да арыз жаздық.
Алматы көшелерінің бірінде көлігі камераға түсіп қалғаны анықталды. Бірақ көліктің ішінде Алмас па, басқа ма - ол жағы белгісіз. Полиция іздеп жатырмыз, дейді. Бірақ, нәтиже жоқ. Қайда жүр, не істеп жүр, неге келмей жүр - соны білгіміз келеді. Ешкіммен ешқандай жаулығы жоқ. Барлық ауруханаларға хабарласып шықтық", - дейді шарасы таусылған ол.
Айтуынша, Алмастың басының сол жақ бөлігінде кішкентай кезіндегі жарақаттан қалған үлкен тыртық бар. Өңі қара торы келген Дәуренов Алмас мемлекеттік нөмірі 016 LZB 02 көк түсті Mazda көлігімен кеткен.
"Ұлымды көрген, қайда жүргенін білетіндер болса, өтінемін, бір хабарын айтсаңыздар екен. Алмас балам, естіп, біліп отырсаң, біз сені сағынып, сарыла күтіп отырмыз. Қандай жағдайға тап болсаң да, басыңа не түссе де, хабарласшы. Ағайын-туыс, қаншама достарың, балапаның - қызың сені күтіп отыр", - деді көзіне жас алған Гүлмира Нүсіпова.
"Ұлым қайта оралады" дегенге сенімі мол ана ұлын көрген-білген жандар болса, мына нөмірлерге немесе редакцияға хабарласуын сұрайды:
+7 747 801 07 72
+7 707 505 0953
+ 7 747 897 31 12
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943507-koligi-de-ozi-de-zoq-almaty-oblysynda-zogalyp-ketken-27-zastagy-zigittin-anasy-zanaiqaiyn-aitty/