Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қой бағып, көше сыпырып жүрміз": СҚО-ға қоныс аударушылар жұмыссыздыққа шағымданды

Опубликовано:

Қойшы
Фото: Азаттық рухы

"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мамлют ауданына көшіп барған жоғары білімді азаматтар жұмысқа орналаса алмай жүр. Олардың сөзінше, әкімдік орыс тілін білмейтін мамандары еңбекпен қамтудан бас тартқан, деп хабарлайды Азаттық рухы.

Рақымжан Тоқтанаев – жоғары білімді заңгер. Түркістан облысының тумасы. Түстікте 10 жылға жуық уақыт білім алған дипломына сай еңбек еткен. Тек теріскейге көшкенде оның құны көк тиынға теңелді. Орыс тілін жетік білмейтін маманға жұмыс табылмапты. Көпбалалы әке амалсыздан жергілікті шаруашылықтардың біріне малшы болып жұмысқа кірген. Баспана берілгенімен 49 мың теңге жалақы 6 адамнан тұратын отбасын асырауға жетпесі белгілі. Еңбек ақысы мардымсыз болғандықтан жұмыстан кетуге арыз жазғанда, шаруа қожалығының иелігіндегі үйді де кері қайтаруға мәжбүр болыпты. Қазір мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген баспанада тұрып жатыр. Жылжымайтын мүлік үшін жергілікті әкімдікке 7 миллион теңгеден астам ақы өтейді. Өткен жылы әзер қыстап шыққан отбасы биыл да үреймен отыр. Есік-терезеден жел соқса, еден табанды қариды. Оған балаларынан айрылып қалуымыз мүмкін деген қауіп те қосылған. Мақпал Тоқтанаева әр күнінің уайыммен өтіп жатқанын айтып налиды.

"Еңбек" бағдарламасы жайында білген соң Солтүстік Қазақстанға көшуге бел будық. Мемлекеттік жоба жайында жағымды және жағымсыз пікірлер естідім. Біріншісіне сенгім келді. Оны сынайтындар жатыпішерлер, еңбектенуден гөрі мемлекетке аузын ашып отырғанды жөн санайтындар деп ұйғардым. Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайтынын дәлелдеп, сондай кісілерге үлгі көрсеткім келді. Қателескен екенмін. Жап-жақсы бағдарлама. Тек орындалуы ақсап тұр. Біз солтүстікке 2018 жылы көшіп кедік. Квотамызды алдық, үй берілді. Бірақ әлі күнге дұрыс жұмысқа орналаса алмай жүрміз. Жолдасым басқа қалада құрылыста. Екі ай жұмыс істеп, бір ай демалады. Жалақысы несие төлеуге кетеді. Осында келген соң ішерге тамақ, киерге киім болмай банктен қарыз алуға тура келді", - дейді көпбалалы ана.

Мақпал да заңгер. Дипломы бар. Көпбалалы ана мамандығы бойынша жұмыс істеп көрмеген. Өз ісін ашу мақсатында арнайы курстан өтіп, грант алған. Арасында тапсырыс бойынша түрлі бұйымдар сатады. Алайда шағын ғана ауылда сұраныс төмен. Қазір ұл-қыздарын асыру үшін базар жағалауға мәжбүр. 40 шақырым жердегі облыс орталығындағы базарлардың бірінен шағын ғана орынды жалға алған. Киім-кешек сатып жүр. Бар мақсаты балаларына нан тауып беру.

"Екі бала мектепте оқиды. Екі кішкентай балабақшаға барады. Таңертең барлығын апарып тастап автобуспен Петропавлға кетемін. Кешкі 7-ге қарай үйге жетемін. Әкімдік көршілердің бәрін бізге қарсы қойып қойған. Біреуі қамқоршылық органдарына балалар үйде жалғыз орытады деп ақпарат беріпті. Олар келіп "ата-ана құқығынан айырып, балаларды алып кетеміз" деп ескерту жасап кетті. Айрылып қаламыз ба деп қорқамын. Күндіз – күлкі, түнде ұйқыдан айрылдым. Жұмыс істемесем оларды қалай асыраймын", - дейді Мақпал.

Саудагер
Фото: Азаттық рухы

Дәл осы Покровка ауылында тұратын Жүсіп Өмірзақтың да жағдайы осындай. Екі бірдей жоғары білім туралы дипломы бар азамат қой бағып жүр. Жалғызбасты әкенің 12 жастағы қызы бар. Баласына су тасытқаны үшін қамқоршылық органдары Жүсіпке де ескерту жасаған.

"Қазақстанға Қытайдан көшіп келдім. Шет елде жағдайымыз жаман болмады. Тек ұрпағым қазақ болса екен дедім. Туған тілінде оқып, атамекенінде тамыр жайсын деген мақсат. Алайда, осындай жағдайға душар болдым. Бастапқыда әкімдікте жұмыс істедім. Әкімнің орынбасары «орысша білмейтіндер керек емес» деп ашық айтты. Енді 500 мың теңгелік грант алып, қой өсіріп жатырмын. Басқа табыс көзі жоқ. Қазір жемнің өзі қымбат. Берілген үй енді басқа әңгіме. Іштегі қабырғаның жарығынан қарасаң дала көрінеді. Айта-айта жауыр болды бұл мәселе", - дейді Жүсіп Өмірзақұлы.

Ауданда оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар арасында жоғары біліммен қара жұмыс істеп жүргендер аз емес. 8 жылдық өтілі бар мұғалім ақаша табу үшін көше сыпыруға мәжбүр. Алайда, Мамлют аудандық жұмыспен қамту орталығы үшін бұл аздық етеді екен.

"Дипломы барлар келіп жатыр. Екі жоғары, орта арнаулы білімі бар азаматтар да кездесті. Алайда, олардың тәжірибесі жоқ. Сондықтан жұмысқа тұруға өздері де ниетті емес. Көшіп келушілердің басым бөлігінің несиесі бар. Алған квота соны несие жабуға кетітінін байқап жүрміз", - дейді жұмыспен қамту орталығының директоры Бибігүл Қасенова.

Жұмыссыздықтың кесірінен шыққан өңіріне көшіп кетіп жатқандар да аз емес. Биыл "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген 4,2 млрд теңгенің 2,3 миллиарды республикалық бюджетке қайтарылды. Оған бағдарламаны орындауда кеткен олқылықтар себеп.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943666-qoi-bagyp-kose-sypyryp-zurmiz-sqo-ga-qonys-audarusylar-zumyssyzdyqqa-sagymdandy/

pixel