RU

Сәбилер арасында ауру өршуін көрсету үшін балабақшаларды улап жатқаны рас па

Балабақша
Көрнекі фото: stopfake.kz

Қазақтандықтар Telegram желісінде мектеп жасына дейінгі балалардың ЖРВИ-мен бұрынғыға қарағанда жиі ауыра бастағанын айтуда. Сөздерінше, бұл балабақшаларды дезинфекциялауға арналған заттармен улаудың салдары. Алайда StopFake.kz мәліметті теріске шығарды.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл хабарламаларға қатысты пікірін білдірді.

"Республикада тіркелген ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың маусымдық деңгейі бақылау деңгейінен аспайды. Індетке қарсы жедел шараларды қабылдау мақсатында Қазақстан халқының жіті респираторлық вирустық инфекциялармен және тұмаумен және тұмау вирусының айналымымен сырқаттанушылық жағдайына күн сайын мониторинг жүргізіледі.
Тұмау емес респираторлық вирустардың (парагрипп, риновирус, аденовирус және басқалары) айналымы және А тұмауы вирусының спорадиялық тіркелуі байқалады. Алдыңғы індет маусымдардағыдай, науқастардың негізгі үлесі шамамен 70 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды", – деді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Ол балалардың вирус жұқтырудан емес, балабақшаларда бөлмелерге әдейі улы заттар шашудың салдарынан ауырады деген теорияны жоққа шығарды.

"Қазақстанда дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу үшін, оның ішінде балабақшаларда Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қолдануға рұқсат етілген және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің бірыңғай тізіліміне енгізілген құралдар қолданылады", – деді Байтанаев.

Осы ретте, ЖРВИ алдын алу үшін балаларды адам көп жиналатын орындарға апармау керек, тұрғын үйді жиі желдетіп, бөлмеде ылғалды тазалау жүргізу, қолды сабынмен мұқият және жиі жуу немесе антисептиктер пайдалану қажет екені атап өтілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943949-sabiler-arasynda-auru-orsuin-korsetu-usin-balabaqsalardy-ulap-zatqany-ras-pa/