Атырау облысында аурухана директоры студент баласына 2 миллион теңге "жалақы" берген
Жарияланған күні:
Атырау облысында мәслихаттың экс-депутаты, Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының директорына қатысты үкім шықты. Ол 2 миллион теңгені жымқырды деп айыпталды, деп хабарлайды "Ақ Жайық".
Басылымның мәліметінше, Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының директоры, бірнеше жыл аудандық мәслихаттың депутаты болған Гүлсара Мутиева бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін айыпталған.
Оған қызметін өз мүддесіне пайдаланып, заңсыз әрекеттерге жол берді деген айып тағылды. Ол бақшашының күнделікті жұмысқа келмеуіне "кеңдік" танытып, міндетті жұмысын атқармайтынына көз жұма қараған. Ал оған жалақының дер кезінде аударылуын қадағалаған. Осылай еркінсіп жүрген ол 19 ай ішінде 600 мың теңгеден астам еңбекақы алған.
Бұдан басқа, өз баласын ауруханаға тазалықшы жұмысына орналастырған. Ал ол сол кезде Алматыдағы университетте оқып жүрген. Тергеу барысында Мутиеваның ұлының 2020 жылдың тамызынан бастап 2021 жылдың маусымына дейінгі аралықта 2 млн теңгеден астам жалақы алғаны белгілі болды.
Құрманғазы аудандық сотының судьясы Б. Менситова сотталушы Г. Мутиеваны қылмыстық кодекстің 361-бабы 1-бөлігі, 189-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп тапты. Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3- бөлігінің негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен судья Мутиеваға мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субьектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу үкімін шығарды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944073-atyrau-oblysynda-auruxana-direktory-student-balasyna-2-million-tenge-zalaqy-bergen/