Алматылық дәрігерлер дүниеге 530 грамм салмақпен келген сәбиді аман алып қалды
Жарияланған күні:
Алматыда Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігерлері жансақтау бөлімінде шала туған сәбидің өмірі үшін 55 күн күресті. Қыз бала 26-шы аптада дүниеге келген, салмағы 530 грамм. Қазір нәресте анасымен бірге үйіне шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының баспасөз қызметінің мәліметінше, сәби 26 күн өкпені жасанды желдету аппаратында болған. Содан кейін ол жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды.
"Бүгінгі таңда 1 келі 925 грамм салмаққа жетіп, нәрестенің жағдайы тұрақталды", – дейді орталықтың бас дәрігері Гүлнәр Нұрланова.
Өз кезегінде қыздың анасы Орталықтың медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.
"Жүктілік патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Айгүл Ермұханқызы Сейталиеваға және басқа да дәрігерлерге, барлық акушерлерге,тазалық жұмыстарын жүргізген медбикелерге үлкен алғысымды білдіремін. Баршаңызға көп рахмет! Балаларымызға көрсеткен көмегіңіз үшін рахмет. Дендеріңізге саулық, жақындарыңызға амандық тілеймін. Орталықтарыңыз гүлдене берсін", - деді қыздың анасы.
Айта кетейік, жыл басынан бері орталықта 613 шала туған нәресте дүние есігін ашқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944280-almatylyq-darigerler-duniege-530-gramm-salmaqpen-kelgen-sabidi-aman-alyp-qaldy/