Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қоғам безбүйрек болып кеткен бе": Қызылорда тұрғыны анасының қазасында жоқтау айтқаны үшін айыппұл төледі

Жарияланған күні:

Айман Махамбетова
Айман Махамбетова: Instagram / aiman.makhambetova

Қызылорда қаласының тұрғыны Айман Махамбетова көпшілік оқырманға жақсы таныс. Ол 2015 жылы жол апатына түскелі бері, екі құлағын емдетіп келеді. Айманды қатарға қосу үшін әкесі мен анасы барын салған. Алайда, тағдырдың жазуымен алдымен әкесі, кейін анасы өмірден озады. 24 қазанда анасынан айырылған келіншектің денсаулығы одан әрі нашарлаған. Бойжеткен анасына жоқтау айтқаны үшін көршісінің айыппұл төлеткені жығылғанға жұдырық болғанын жасырмады. Бұл туралы ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Айманның айтуынша, 24 қазан күні анасы тойға кеткен. Бірақ тойдан оның жансыз денесі ғана оралады.

"Анам қант диабетімен ауырады. Сол күні емен-жарқын тойға кеткен. Өкінішке қарай, үнемі алып жүретін дәрісін үйде ұмытып кетіпті. Тойда қатты ауырып, дәрісі қалтасында болмай, көз жұмады. Әкеміздің қайтқанынан ес жия алмай отырғанда, анамыздың да кетіп қалғаны бізді есеңгіретіп тастады.

Қызылорда жақта марқұмның қырқына дейін әр бейсенбі сайын дастархан жайылып, құран оқытылады. Мұны бейсенбілік деп атайды. Міне, сол кезде үйге адамдар келіп, көрісіп жылап, біз жоқтау айтамыз. Қаза кезінде кім жоқтау айтпайды? Анамыздан айырылып, көкірегіміз қарс айырылып жатыр. Ең сорақысы, іргедегі көршілеріміздің бірі мұны түсінбей, қайта-қайта үстімізден шағым түсіріпті", - дейді Айман.

Бүгінде Айман Серікбайқызы отбасымен, екі інісімен көпқабатты үйлердің бірінде тұрады. Үй ипотекаға алынған, әлі бес жыл бойы ақшасын төлеуі тиіс.

"Екі інім күні бойы жұмыста, үйдегі кішкентайлар балабақшада. Анам қайтқалы теледидар да қоспаймыз. Ешкім сөйлемейді, дауыс көтермейді. Тіпті, көршіміз шағым түсіргелі аяқтың ұшымен жүретін болдық. Мемлекетке айыппұл төлеп тастадық. Егер созылып кетсе, айыппұл көлемі 15 мыңға жуықтайды екен. Тез төлесең, 7 мыңнан асады. Құлағымыз тыныш болсын деп, айыппұлдан да құтылдық.

Бірақ үйге көңіл айтып келгенде қалай жоқтамайсың? Анамыз 57 жасында бақилық болды, үйге күніне көңіл айтып келетіндер бар. Солармен көрісіп жылағанымыз үшін шағым түсіретіндей безбүйрек болып кеткен бе қоғам? Іргедегі көршіміз өзге ұлт өкілі емес, өзіміздің қазақтар.

Ажал әркімнің үйіне келеді ғой, неге түсіністік танытпасқа? Маған күн сайын жедел жәрдем келеді. Қайта-қайта есімнен танып қалып жатырмын. Осы аралықта көршімізден түскен шағым үшін арпалысамыз. Қырқына дейін әлі екі бейсенбілік бар, анамызды жоқтауға да қорқып қалдық. Адамдардың қатыгездігі жыл сайын өршіп бара жатқан сияқты. Біз қапыда анамыздан айырылып қаларымызды білдік пе?", - дейді Айман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944350-qogam-bezbuirek-bolyp-ketken-be-qyzylorda-turgyny-anasynyn-qazasynda-zoqtau-aitqany-usin-aiyppul-toledi/