Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде жазғы дөңгелектермен жүргендерге айыппұл салына бастады

Опубликовано:

дөңгелек ауыстыру
Көрнекі фото: pixabay.com

1-желтоқсаннан бастап Қазақстанда жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілер айыппұл арқалайды. Тозығы шыққан дөңгелегін ауыстырмай көктайғақта сырғанап жүргендер шетінен жазаланады. Тіпті барлық маусымға жарамды деген дөңгелектермен жүруге де тыйым салынған. Ережені елемегендер 15 мың теңге төлеуі тиіс, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Мереке күні Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарының полицейлері рейдке шықты.

Олар жүргізушілерді тоқтатып құжаттарын ғана емес, дөңгелектерін де тексеруге кірісті. Ереже бойынша қыстың бірінші күнінен бастап кез келген техника қысқа әзір болуы тиіс.

"Бүгін бүртабанын салғызып жатырмын. Бізде ауа райы құбылмалы ғой. Қала сыртына шығамыз, жол жүреміз. Ауа райына байланысты ауыстырамыз. Ең бастысы, өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін", - дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Тілеулес Темірбаев.

Қысы қаһарлы Семейде де полиция қызметкерлері көліктердің қыстық дөңгелектерін жаппай тексеруге көшті. Негізінен жүргізушілер ауыстырып үлгерген. Олар да ақ қар, көк мұзда жаздық шинамен  жүру өте қауіпті екенін айтады. Дегенмен тәртіп сақшылары салғырттыққа жол беретін жүргізушілер жетерлік дейді. Айтуларынша, қыс пен жазды тең көретіндердің  басым бөлігі – жастар. Енді жүгенсіз кеткендерді тезге салу үшін оларды жазалауға ниетті.

"Кеден одағының техникалық регламенті бойынша қыстық дөңгелек тақпаған жүргізушілер ӘК 590-бабына сәйкес жазаланады – бес айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады", - деді Семей қалалық полиция басқармасы жол-патруль полициясының инспекторы Дулат Әбдікәрімов.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944840-elimizde-zazgy-dongelektermen-zurgenderge-aiyppul-salyna-bastady/

pixel