Қызылорда облысында 1 жылда 5 ауыл көгілдір отынға қосылды

Опубликовано:

газ тартылды
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында бүгін Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Тұран елді мекені көгілдір отынға қосылды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, салтанатты шараға қатысты.

Аймақ басшысы "Ауыл-Ел бесігі" бағдарламасы аясында Шеген Қодаманов елді мекенінде жүргізілген газ құбыры және кварталішілік газ тарату желісі жұмыстарының тұрғындар үшін маңыздылығына тоқталып, Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралды газ құбырының сәтті жоба болғанын тілге тиек етіп, тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмыстарының одан әрі жалғасатынын айтты.

"Баршаңызды Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесімен тұстас келген, ауыл тіршілігіне тың тыныс берер, халықтың тұрмыс сапасының артуына септігі мол серпінді жобаның бірі – Тұран ауылдық округінің көгілдір отынға қосылуымен шын жүректен құттықтаймын.

Жыл сайын халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында аудан тұрғындарының жайлы тұрмыс кешуіне ең қажетті ауыз су, газ тарту, жол салу секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Біз аудан орталығына жақын елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету арқылы халықтың тұрмыс жағдайын ғана емес, аудандағы өндірістің өрге басуының, кәсіптің одан әрі кең қанат жаюына мүмкіндік аламыз.

Бүгін Тұран ауылдық округінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізген бас мердігер компания "Строй Газ Компани" мекемесіне және құрылысшыларға барша ауыл тұрғындарының атынан және Өз атымнан алғысымды айтамын", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Қазіргі таңда Шиелі кенті мен Байтерек, Жаңатұрмыс, Бидайкөл, Керделі ауылдық округтері көгілдір отынға қосылса, бүгіннен бастап Шеген Қодаманов ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп, 525 үйге газ кірді.

Жыл басынан бері 3 аудан орталығына, яғни Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кенттеріне, Шиелі ауданындағы Бекежанов және Қодаманов ауылдарына табиғи газ берілсе, жыл соңына дейін Қазалы қаласын газға қосу жоспарлануда. Нәтижесінде биыл 50 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көретін болады. Бүгінде қала мен аудан орталықтарына газ толық тартылды. Нәтижесінде облыс тұрғындарының 65 пайызы көгілдір отын пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Шиелі ауданына жұмыс сапары аясында Ақмая шаруа қожалығына барды. Әкім назарына стенд арқылы күрделі жөндеуден өткен монша мен шаруа қожалығының демеушілігімен салынған тұрғын үй таныстырылды. Шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков қожалықта жұмыс істейтін көпбалалы 2 отбасыға баспана салу үшін осы жобаны бастаған. Сондай-ақ, ауыл жастары үшін бірлестік құрып, арнайы кабинет ашқан.

Әрі қарай облыс әкімі Керделі ауылдық округінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорттық сауықтыру кешенін ашты.

газ келді74
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Аймақ басшысы игі бастаманы қолдап, нысанның бой көтеруіне ықпал жасаған кәсіпкер, Шиелі ауданының құрметті азаматы Бағлан Әшірбековке ауыл тұрғындары мен өз атынан ризашылығын білдірді.

"Соңғы 5 жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақмая, Алғабас, Бестам, Тұран ауылдық округтерінде спорт кешені пайдалануға беріліп, спортшыларымыздың жеңістері еселенді.

Бүгін, міне, өздеріңіздің қатысуларыңызбен спорт кешенін ел игілігіне пайдалануға бергелі тұрмыз. Бұл күн балғын балалардың, ауыл жастарының ең қуанышты да бақытты күндерінің бірі деп есептеймін. Осы спорт кешенінен шыңдалған жастарымыз облыстық, республикалық додаларда жеңіске жетіп, олимпиада шыңдарын бағындырып, көк туымызды желбірете берсін", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Спорт кешенінде күрес, таэквандо, баскетбол және ауыр атлетикадан үйірмелер жұмыс жасап, 11 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.

балалар11
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Мұнан соң, өңір басшысы Шиелі кентіндегі аудандық жастар үйі мен И.Әбдікәрімов көшесі бойына салынып жатқан аллеяны көрді. Аудандық "Жастар ресурстық" орталығының директоры Ержан Әбдешов шиелілік жастардың бастамасымен іске асып жатқан жобаларға тоқталды. Орталықта кітапхана, конференц зал, коворкинг, өнерлі жастарға арналған арнайы орын бар. Сонымен қатар, патриоттық тәрбие беру және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

аллея1
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі елді-мекендердегі инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының одан әрі жалғасатынын және жобаларды уақытында тапсыру керектігін қаперге салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945237-qyzylorda-oblysynda-1-zylda-5-auyl-kogildir-otynga-qosyldy/