Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Екі қабатты үйге елу миллион кетті": Шымкенттік көпбалалы ана бес жылдан бері зәулім үй салып жатыр

Опубликовано:

Динара Дәрменбаева
Фото: Instagram / komek.turleri

Шымкенттік бес балалы ана Динара Дәрменбаеваны көпшілік жақсы таниды. Instagram желісінде «Көмек түрлері» парақшасын жүргізетін ол халыққа қаржылық сауаттылықты тегін үйретуде. Динараның басты қағидасы – ақшаны үнемдеп жұмсап, оңды-солды шашпау. Сондай-ақ, ол келіншектерді күйеуінің ғана айлығына қарап отырмай, бірнеше жерде жұмыс істеп, еңбек етуге шақырады. Он жыл ішінде үш үй алып, бүгінде екі қабатты зәулім үй соғып жатқан Динара қазіргі құрылыс бағасының өсіп кеткенін де тілге тиек етті. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген блогер құрылысы толық бітпеген үйіне қанша қаражат кеткенін ашып айтты.

"Мен 1984 жылы Шымкенттегі қарапайым жанұяда дүниеге келгенмін. 12 жасымда ата-анамның дәм-тұзы жараспай, ажырасып кетті. Содан бері анам бізді жалғыз өсірді. Ағам мен інім бар болатын. Төрт жыл бұрын ағам дүниеден озды. Елімізде грантқа құжат тапсыру енді басталған 1999 жылы ең жоғары балл жинап, "емдеу ісі" бойынша білім алдым. Медицина саласында 14 жыл еңбек етіппін. Оқуымды аяқтамай жатып-ақ, медбике ретінде жұмыс істейтінмін.

Ал декретте отырғанда заңгерлікті сырттай оқып алдым. Бұған отбасымыздағы бір жағдай себеп болды. Бізге өз құқығымызды қалай да қорғау керек болды. Міне, содан бері өмірімдегі түрлі оқиғалардың заңды шешімін тауып келемін. Сол жылдары заң саласын көп оқыдым. Өзімнің білімге құштарлығым мені қазіргі деңгейге жеткізді.

Не нәрсені де қиындығына қарамастан, соңына дейін түсініп алуға тырысамын. Білгенімді халықпен бөлісемін. Менің парақшама шығатын жазбалардың 70-80 пайызы өз өмірімде болған заңсыз жағдайлардан алынған», - дейді Динара.

Бүгінде Динара халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін бар күшін салуда. Әсіресе, халықты ақша жинап, үй алуға, бірнеше жерде жұмыс істеп, табыс табуға үндейді.

"Өзім бес бала босансам да, декретте жылдап отырған адам емеспін. Қайын енем бала бағуға көмектесетін. Бір баламды жетектеп, бір баламды көтеріп жүріп те табыс табатынмын. Жолдасым - жеке кәсіпкер. Екеуміз де ақша жинағанды жақсы көреміз. Осы уақытқа дейін үш үй алдық. Ең алғашқы үйімізді 2010 жылы сатып алыппыз. Пәтердің жарты ақшасын жинап, қалған бөлігіне несие рәсімдедік. Кейін оны жауып тастап, тағы екі рет үйлі болдық.

Бүгінде өзіміз армандаған зәулім үйімізді салып жатырмыз. Сол үйді салып жатқанымызға бес жыл болды. Егер қолымызда жүз миллион теңге болса, үш айда бітіруге болатын еді. Бірақ біз өзіміздің айлығымызға есептеп салудамыз. Бір айлық түскенде кафельді, бір айлық түскенде ламинатты сатып аламыз. Сондықтан, үйдің құрылысы бес жылға созылды. Оның үстіне, құрылыс тауарларының бағасы да қымбаттап кетті", - дейді ол.

Динараның айтуынша, бүгінге дейін құрылысы толық бітпеген үйіне шамамен 50-60 миллион теңге кеткен.

"Үй салуды бастаған жылы біз іргетасын құйып, қабырғасын көтеріп, шатырын жауып қойдық. Соған он миллион теңге кетті. Бес жыл бұрын ақша құндырақ болатын. Ал үйдің ішіндегі жұмыстардың түбі көрінбейді екен. Ақшаны да "жейді", шаруасы да бітіп болмайды. Бірақ жолдасым екеуміз екі жақтап жұмыс істеп, еш аянбастан, тынбастан осы үйдің құрылысын аяқтауға күш салудамыз.

Үй салатын құрылысшылардың да еңбегі арзан емес. Кепілдікпен жұмыс істейтін жергілікті құрылысшылар қымбат сұрайды. Көршілес елден келетіндер бар. Олардың қызмет құны арзан болғанымен, істеген жұмысы көңілден шықпай жатады. Қазір үйіміз әлі біткен жоқ. Екі қабатты үйдің ішіне кететін дүние мен жиһаз да алынған жоқ. Осы күнге дейін үйдің құрылысына елу миллион теңге нақты кетті. Күн санап құрылыс тауарлары да, азық-түлік те қымбаттап барады. Сондықтан, тұрғындарға үй салу оңай емес. Сол үшін қаржылық сауаттылықты арттырып, үнемдеп үйрену керек", - дейді Динара.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945792-eki-qabatty-uige-elu-million-ketti-symkenttik-kopbalaly-ana-bes-zyldan-beri-zaulim-ui-salyp-zatyr/

pixel