Қазақстанда халықты жаппай ревакцинациялау басталады

Опубликовано:

Екпе
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Халықты коронавирусқа қарсы ревакцинациялау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында еліміздің бас санитарлық дәрігерінің тиісті қаулысы шықты.

Жаңа қаулыға сәйкес, Қазақстан аумағында үш және одан да көп уақыттан бері тұрып жатқан шетелдіктерді қоса алғанда, коронавирусқа қарсы екпенің екі компонентін салдырған адамдардың бәрі ревакцинация жасатуы тиіс.

Сонымен бірге, жаңа қаулыда коронавирусқа қарсы ревакцинация алғашқы вакцинация курсы толық аяқталған соң 6 айдан кейін бір рет жүргізілетіні айтылған.

Коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы курсын алған аяғы ауыр әйелдерге ревакцинация жүктіліктің 16-37 аптасы аралығында Comirnaty (Pfizer/BioNTech) вакцинасын қолдану арқылы жасалады.

Вакцинаның алғашқы курсын алса да коронавируспен ауырған азаматтарға ревакцинация толық сауыққан соң 6 айдан кейін жүргізіледі.

Ревакцинация кезінде вакцинацияның бастапқы курсында қолданылмаған вакцинаны салу (инактивтендірілген вакцина, векторлық вакцина, м-РНҚ вакцинасы) ұсынылады.

Сонымен бірге, вакцинацияның алғашқы курсында қолданылған вакцинаны қайтадан салдыруға да рұқсат.

Одан бөлек, Қазақстан азаматтарына шетелде де ревакцинация жасатуына болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945974-qazaqstanda-xalyqty-zappai-revakcinaciyalau-bastalady/