"Елді әуреге салды": Сарапшылар зейнетақы жинағының шекті межесіне қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Мұғалім зейнетақысы
Фото: pixabay.com

Отандық экономистер қоғамның қызу талқысына түсіп жатқан зейнетақы жинағының шекті межесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Азаттық рухы.

Белгілі экономист Жарас Ахметов бұл қадамды қоғамның теріс реакциясына жауап деп ойлайды.

"Мемлекеттің алдында екі тапсырма тұрды. Бірінші міндет – ковидтен жапа шеккен халық үшін әлеуметтік төлемдерді арттыру болатын. Мемлекет бюджеті есебінен мұны ақырындап жүзеге асырды. Әлемнің көптеген елдері осындай қадамға барды. Ал екінші нұсқа – халықтың зейнетақы қорларда жинаған қаржысын пайдалануына мүмкіндік беру болады. Осылайша дағдарыстың негативтік салдарының алдын алу жоспары құрылды.

Енді әлеуметтік салада кішкене жағдай тұрақталды деген үкімет зейнетақы қорындағы шектік межені көтеруге шешім қабылдап, қордағы ақшаның шығысын тежеуге әрекеттеніп көрді. Алайда, биліктегілер ойлағандай болмай шықты. Халық дүрбелең арқасында зейнетақы есепшотындағы қаржысын алып қалуға әрекеттенді. Яғни, кері реакция берді. Десе де, кешегі үш айға ұзарту бастамасы мәселені толық шешпейді", - дейді Жарас Ахметов.

Ал экономист Дәулетбек Тоқтасынұлының пікірінше, зейнетақы қорындағы қаржыны осы күнге дейін кейбір шетелдік инвесторлар, квазимемелкеттік компаниялар, тіпті шетелдік банктер пайдаланып келген. Халық өз еңбегімен жиған қаражаттың пайдасын көруге құқылы. Сондықтан үкіметтің қабылдаған шешімін көптеген сарапшы дұрыс деп бағалаған еді. Алайда, оны сауатты әрі ойластырып жүргізу жағы бізде кемшін болып шықты, дейді. Ол бұны басынан айттым деп отыр.

"Бұл бастама, яғни шекті межеден асқан қаржыны халыққа үлестіріп берудің механизмдерін сауатты жасау үшін сарапшылар, депутаттар, банкирлер көптеп тартылуы керек еді. Басынан олай болмады. Шикі болған соң, халықты әуреге салды.

Мысалы желтоқсанның 2-сі күнгі шешімнен соң ары-бері сапырылысқан тұтынушы, нотариус, емханалар мен оператор банк үшін қосымша жұмыс болды. Ал кешегі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімінен соң, енді қаражат арнайы есепшоттарда "асылып" тұр. Ол зейнетақы қорының есепшотында тұрса, бір күн болса да инвестициялық табыс әкелер еді. Сондықтан біздің үкіметке жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек деген қағида жетіспей тұр.

Халық мұқтаж болған соң, осы қаражатты алғысы келді. Экономикалық-әлеуметтік жағдай төмендеген соң, сол мекемелерге жаппай жүгірді. Естуімізше бір аптада 200 мыңға жуық адам қаражатын зейнетақы қоры есепшотынан шешіп үлгерген. Бұл біздің Үкіметтің экономикалық тұрғыдан талдау жасамай, атүсті шешім қабылдауының кесірі деп ойлаймын. Экономикалық жоспардан экономикалық даму жасай алмаудың салдарын көріп отырмыз. Бір шешімнің үстінен бір шешім қабылдау осының айғағы", - дейді сарапшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946333-eldi-aurege-saldy-sarapsylar-zeinetaqy-zinagynyn-sekti-mezesine-qatysty-pikir-bildirdi/