Сот ұсталған Бақытгүл Хаменованың неге үйқамаққа алынғанын түсіндірді
Жарияланған күні:
Атырау қалалық мамандандырылған тергеу соты пара алды деп күдікке ілінген Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова неліктен үйқамаққа алынғанын түсіндірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу соты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Хаменоваға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішін қараған.
"Сот күдіктінің жалғызбасты әйел екенін, Атырауда тұрғылықты тұратынын, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағанын, бұрын сотты болмағанын, кішкентай екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырғанын, олардың бірінің кішкентайынан мүмкіндігі шектеулі екенін және қарауында қарт анасының барын ескеріп, оған қатысты іс жүргізу заңнамасында көзделген шектеулерді белгілей отырып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау қажет деген қорытындыға келді", - деп хабарлады соттан.
Сонымен бірге, сот сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Хаменованың бостандықта болуы істі толық және объективті тергеуге кедергі келтіретінін, сондай-ақ, процеске қатысушыларға қысым көрсетуі немесе елден кетіп қалуы мүмкін екенін растайтын дәлелдерді ұсына алмағанын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен өңірлік мәдениет басқармасының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталған еді.
Кейінірек, Хаменованың үйқамаққа алынғаны белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946594-sot-ustalgan-baqytgul-xamenovanyn-nege-uiqamaqqa-alynganyn-tusindirdi/