Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алғашында қарсы болдым": Сегіз жас кіші жігітке тұрмысқа шыққан алматылық келіншек жан сырын ақтарды

Опубликовано:

Сымбат жары Қуанышпен
Сымбат жары Қуанышпен: жеке мұрағат

Алматы облысының тумасы Сымбат Құрманқұлова өзінен сегіз жас кіші жігітке тұрмысқа шыққан соң, елге кеңінен танылды. Ғашықтардың отау құрып, шаңырақ көтеруіне ешкім де қарсы келмеген. Тек Сымбаттың өзі 2000 жылы туған жігітке жар боламын деп ойламағанын айтады. Бүгінде екі жас тату-тәтті өмір сүруде. Бірге жұмыс істейтін жас жұбайлар бір жастықта қартаюды армандайтынын айтады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Өзім 1992 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Самсы ауылында дүниеге келдім. Отбасында үшеуміз. Ағам мен әпкем бар. Осы жылдың мамырында анам дүниеден озды. Әкем қасымызда, шүкір. Мамандығым – аспазшы. Он жылдан бері Алматыдағы санаторийлердің бірінде жұмыс істеймін. Мамандығым өзіме ұнайды, болашақ жарымды да осы жұмыс орнынан кездестірдім", - дейді ол.

Сымбат пен Қуаныш алғашында дос ретінде сөйлесіп жүрген. Алайда, кейін достықтары сезімге ұласып, көп ұзамай екеуі шаңырақ көтерді.

"Қуаныш мен істейтін демалыс орнында даяшы болып жұмыс істейді. Бастапқыда дос, әріптес ретінде сөйлесіп жүрдік. Кейін екеуміздің кездесуіміз жиілеп кетті. Бірге қыдырып, бірге тамақ ішіп, жақын араластық. Сондай күндердің бірінде ол маған сезімін білдірді. Әрине, мен алғашында қарсы болдым. Себебі, өзімнен сегіз жас кіші жігітті күйеуім ретінде елестете алмағаным рас.

Алайда, уақыт өте келе махаббат бәрін де жеңіп, сүйіктіме "иә" деп жауап бердім. Кейін ол мені ата-анасымен таныстыру үшін Жаркентке ертіп барды. Шыны керек, менің сегіз жас үлкен екенімді білгенде, жолдасымның ата-анасы да таң қалғаны рас. Аздаған қарсылық та болды басында. Бірақ танысуға барған соң бір-бірімізді көріп, біліп, екі жақтың үлкендері батасын берді", - дейді Сымбат.

Жаз айларының бірінде Қуаныш Сымбатты өз келісімімен алып қашады. Бірінші тамыз олардың үйленген күндері ретінде күнтізбеде қалды.

"Үйленіп, бір басымыз екеу болды, шүкір. Екі жақтың құдалығы да өтіп, ата-анамыз қуанышымызға куә болып жатыр. Бүгінде екеуміз де жұмысымызға қайта оралдық. Әрине, жас айырмашылығы үлкен болған соң, көптеген пікірлер айтылып жатыр. Біздің болашағымызға сенбейтіндер де бар. "Бес жылдан кейін сені тастап кетеді" деп жазғандар да кездесті. Ал біз бұған еш мән бермейміз. Өйткені, ортақ сезімімізге сенеміз.

Махаббат пен сыйластық болса, жаста тұрған ештеңе де жоқ. Екеуміз де өнерден құралақан емеспіз. Мүмкін, болашақта жұлдызды жұп болатын шығармыз. Мен бала күнімнен домбыра тартамын, пианинода ойнаймын. Жолдасым да гитарамен ән шырқайды. Біздің арманымыз – бірге қартайып, үбірлі-шүбірлі болып, бақытты ғұмыр кешу", - дейді Сымбат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946770-algasynda-qarsy-boldym-segiz-zas-kisi-zigitke-turmysqa-syqqan-almatylyq-kelinsek-zan-syryn-aqtardy/

pixel