Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ІІМ 5 облыста ауқымды арнайы операция жүргізді: 10 адам ұсталды (видео)

Опубликовано:

Видеодағы кадр
Видеодағы кадр: polisia.kz

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бес өңір мен арнайы бөлімше полицейлерінің қатысуымен ауқымды арнайы операция өткізді. Бұл шараға қатысты толық ақпаратты Polisia.kz хабарлады.

Нәтижесінде есірткіні көтерме таратушылар желісі жойылып, заңсыз бизнеске қатысқан 10 адам ұсталды.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков түсіндіргендей, қылмыстық топ қараша айының басында көзге түскен.

Ресейден келген фигуранттардың біріне жүк тасымалы арқылы есірткі өндірісі үшін пайдаланылуы мүмкін прекурсорлар берілгені белгілі болады.

Тапсыру кезінде қылмыстық топтың екі қатысушысы жүкті қабылдаған адам және жүк тасымалдау құжаттары ресімделген адам анықталып, әрі қарай оларды бақылау тәулік бойы жүргізілген.

Үш күннен кейін қылмыскерлердің бірі елордадан Павлодар қаласына таксимен шығады. Жол бойында қалаға 40 шақырым жетпей, орман белдеуіне есірткі жасырып, Көкшетау қаласына жол тартқан. 10 минуттан кейін топтың үшінші мүшесі есірткі жасырылған жерге келіп, есірткіні алған.

Павлодарға қарай беттеген оны өңірлік полицейлер ұстаған. Бұл бұрын сотты болған, жергілікті тұрғын болып шықты, одан жалпы салмағы 324 грамм болатын мефедронның екі пакеті тәркіленген.

Ұсталған адамның барсетінен есірткі затының 30 бір реттік дозасы бар тағы бір түйіншек табылды. Пәтерді тінту кезінде есірткі салуға арналған құралдар мен заттар, жазбалары бар дәптер парағы тәркіленді. Сол күні бірінші фигурант Көкшетау қаласында сырт жерде тағы бір орынға есірткі жасырып, қалдырып, елордаға оралған. Әрі қарай оқиғалар тез дамиды.

Сол күні кешке Көкшетау қаласында жасырылған есірткіні алып кетуге тырысқан жергілікті тұрғын ұсталды. Ұстау барысында 130 грамнан астам синтетикалық мефедрон есірткісі тәркіленді. Ұсталған азаматтың пәтерінде тінту барысында бір реттік мөлшер бойынша өлшеп оралған осы заттың тағы 15 грамы, марихуана, таразы және есірткі жасыруда пайдаланылатын басқа да заттар тәркіленді.

"Келесі күні Павлодар қаласында тағы екі жігіт пен екі қыз ұсталды. Олардың біреуін жеке тінту кезінде 400 грамм мефедрон салынған пакет тәркіленді. Қыздардың бірінен алынған телефоннан елордалық есірткінің негізгі жеткізушісімен есірткі алғаны және оның салмағы туралы хат-хабар алмасуы табылды", – деді тәртіп сақшылары.

Сол күні ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері мен Ақмола облысы ПД әріптестері Нұр-Сұлтан-Щучинск тас жолының бойындағы дәмхананың жанына Өзбекстанның тумасы, тағы бір есірткі жасырушыны анықтады. Ол жасырынуға тырысқан кезде ІІМ арнайы жасағының жауынгерлері ұстаған. Оның көлігін тінту кезінде салмағы 500 грамм мефедрон салынған түйіншек тәркіленді.

"Ұсталған азамат оның "қоржынында" Павлодар, Алматы, Екібастұз қалаларында есірткі жасырғанын айтты. Қазір ол кезекті ірі мефедрон партиясымен Петропавл қаласына бармақшы болған. Осылайша, тағы үш қылмыскер анықталды", – деді полицейлер.

20 қарашада Петропавл қаласында солтүстікқазақстандық полицейлер жалдамалы пәтерде оларды ұстады. Анықталғандай, барлығы облыс орталығына есірткіні тарату үшін мақсатты түрде келген. Жалдамалы пәтерде тінту жүргізіліп, тексеру барысында есірткіні ұсақ партияларға буып-түю осы жерде жүзеге асырылғаны анықталады: бөлмеде изолента қиықтары, буып-түю материалдарының қалдықтары, жиһаздың шыны беттеріне есірткінің іздері шашыраған.

Әртүрлі жасырылған жерлерде мефедронның бір реттік дозасы бар 165 түйіншек, 450 грамм альфа-PVP және 300 грамм мефедрон табылды. Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде қалада жалпы салмағы 200 грамм болатын мефедронның тағы 6 жасырылған жері табылып, тәркіленді. Қылмыскерлерден барлығы 2,5 келіге жуық синтетикалық есірткі алынды.

"Барлық ұсталғандар қамауға алынды және оларға қатысты қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау не адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша, аса ірі мөлшерде, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы өткізу) бойынша қылмыстық істер қозғалды", – деп түйіндеді ІІМ-де.

Егер сотқа дейінгі іс жүргізу барысында барлық қылмыскердің ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері екендігі дәлелденсе, ұсталғандарға он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не мүлкі тәркіленіп, өмір бойы бас бостандығынан айыру қаупі төнетін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946829-iim-5-oblysta-auqymdy-arnaiy-operaciya-zurgizdi-10-adam-ustaldy-video/

pixel