Алматы облысында пара алды деп айыпталған экс-әкімге 59,4 млн теңге айыппұл салынды
Жарияланған күні:
Талғар ауданының экс-әкімі Серікжан Ерекешев пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы жетекшісі Асқар Шамаевқа сот үкімі шықты. Олар жемқорлық қылмысы бойынша кінәлі деп танылып, аса ірі сомада айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғар аудандық сотының Facebook парақшасына сілтеме жасап.
Соттың мәліметінше, 2021 жылғы 21 және 23 қаңтарда Ерекешев пен Шамаев өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС директоры А.-дан жалпы сомасы 1 980 000 теңге көлемінде қаржылай пара алған.
Пара бұрын жасалған шарттар бойынша мемлекеттік сатып алу процесіне бақылауды жүзеге асыру кезінде яғни орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қою үшін берілген.
Экс-шенеуніктердің кінәсі толық дәлелденген. Мемлекеттік айыптаушы оларды 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Бірақ сот үкіміне сәйкес, ер адамдар айыппұл төлеуге міндеттелді. Серікжан Ерекешевке 59,4 млн теңге, Асқар Шамаевқа 29,7 млн теңге айыппұл салынды.
Сонымен бірге, сот үкім шығарар кезде жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескерген. Мәселен айыпталушылардың:
- істеген ісіне өкінгенін;
- мүмкіндігі шектеулі екенін;
- кішкентай баласының бар екенін;
- қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар басқа да қатысушыларды әшкерелеуге белсенді түрде көмек көрсеткенін ескерген.
"Сот қызметтік антын бұзған адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауын жазаны ауырлататын мән-жай ретінде таныды", - деп қосты соттың баспасөз қызметі.
Екі айыпталушы да өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946991-almaty-oblysynda-para-aldy-dep-aiyptalgan-eks-akimge-594-mln-tenge-aiyppul-salyndy/