Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Маңдайымды дуалға ұрды": Желтоқсан оқиғасына қатысқан тұрғын басынан кешкен жантүршігерлік деректерді айтты

Опубликовано:

жұбайлар
Фото: Гүлшат Төпенованың жеке мұрағатынан

1986 жылдың желтоқсанында Алматының орталық алаңына шыққан қазақ жастарының ішінде Қыдырбек Төлебаев пен Гүлшат Төпенова да болған. Қыз-жігіт боп қол ұстасқан екі жастың тағдыры сол желтоқсан оқиғасынан кейін күрт өзгерген. Толқудан соң арман қуып келген жастар Алматыны тастап, Қызылордаға кетуге мәжбүр болыпты. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген желтоқсаншы әйел 35 жыл бұрын алаңда орын алған жағдайдың зардабын әлі тартып келе жатқанын айтады.

Бүгінде бес баланың анасы Гүлшат Төпенованың денсаулығы жоқ. Айтуынша, желтоқсанның ызғары өне бойына өтіп, қазір өздігінен жүруден қалған.

Десе де, ерлі-зайыпты қазіргі жастар үшін тарих боп қалған сол бір оқиғаның астарын жақсы түсінеді. Желтоқсаншы жұп әлі күнге басынан кешкендерін еске түсірсе, жүрегі ауыратынын жасырмайды.

Айта кету керек, Гүлшат апай екі жауынгердің жетегінде кетіп бара жатқан тарихи суреттегі Анар Рахымжанованың құрбысы.

"Біз автобусқа мініп, орталық стадионнан түсіп қалдық. Жастармен бірге алаңға жаяу бардық. Көп едік. Жолдан қаншама адам қосылды. Алаңға жеткенде ортада не болып жатқанын көремін деп топтың ең алдына шығып кеткен екенмін. Сол мезетте Анардан адасып қалдым. Мен де тарихи фотоларда сақталып қалыппын. Ақ түсті бас киім, ақ етікпен ең алдыңғы қатарда тұрмын суретте. Өзім қызуқандылау болдым. Ауылдан келгенімізге бір-екі-ақ күн болған.

Жан-жағымда солдаттар тұрды, бастарында каска, қолдарында ештеңе жоқ сияқты көрінді. Сөйтсек, қаруларын жеңіне тығып алған екен. Бір кезде тасырлатып бәрімізді қуды. Қашқаннан қашып, сол жерден телефон будкасын көріп қалдым да, ішіне тығылдым. Онда біраз отырдым. Басымды сыртқа шығарып қарасам, Анарды жетектеп алып кетіп барады екен. "Анар" деп айқайлап, артынан жүгірдім. Ол да "Гүлшат, қош бол", - дей берді.

Мені сол кезде бір-екі рет ұрғаны есімде. Жүгіріп, қаштым. Солдаттар көп қызды қуып әкеліп, қардың үстіне етпетімен жатқызды. Тізерлетіп, екі қолымызды артқа қайырды да, басымызды қардан көтертпеді. Басын көтерген қыздарды солдаттар қалаған жерінен дубинкамен ұрып жатты. Көз қиығыммен қарасам, бір-екі қыз соққыдан құлап жатыр екен. Сол бойы басымды көтермей жаттым. Білмеймін қанша жатқанымды.

Бір уақытта бізді шетінен таси бастады. Біреуі сөйлейін деп еді, ауыр керзі етікпен теуіп кетті. Алаң шыңғырған дауыстарға толды. Сосын бізді автобусқа салды да сол кездегі Фрунзе ауданының милиция бөліміне алып барды", - дейді Гүлшат Төпенова желтоқсан оқиғасын баяндай келе.

Оның сөзінше, содан кейін де бөлімшеге түскен қыз-келіншектерді қинап, сұрақ-жауап алған. Өзі онда бір күн түнеп шыққан.

"Фрунзе аудандық милиция бөлімінің де іші суық болды. Ішінде қыздар толып отырдық. Біреуінің мұрны сынып кеткен, біреуінің беті қан-жоса. Ұсталғандарды кезек-кезек тергеуге алып, естерінен тандырып әкеп тастап жатты. Бір кезде мені де сұрақ-жауапқа әкетті. Еңгезердей біреу екен. Мені жан-жағымнан суретке түсірді. Қалам, парақ берді, түсініктеме жаздым. Олар бізді ату жазасына кесілесіңдер деп қорқытты.

Тергеуші желкемнен ұстап, маңдайымды дуалға ұрды. Талып қалыппын. Бір кезде оянсам, жан-жағымда қыздардың бәрі тоңып, қалтырап жатыр екен. Ешкімнің сөйлеуге шамасы жоқ. Бәрі аш. Таңға таяу, екінші күні қазақ жігіт келді де, "бар енді, қарындасым" деп, мені босатты. Тыста тас қараңғы болса да, бөлімшеден шығып кеттім. Суық екен. Бір үйдің подьезіне кіріп, жылу батареясын ұстап отырып жылындым. Сонымен таң ата автобусқа мініп, жатақханаға жеттім", - дейді Гүлшат Төпенова.

Гүлшат Төпенованың жұбайы Қыдырбек Төлегенов те желтоқсан оқиғасының азабын тартқан жан. Әйелінің сөзінше, ол кісі алаңнан қала шетіне апарып тастаған жерден аш-жалаңаш күйінде қалаға оралған.

"Жұбайымды Боралдайға, сайға апарып лақтырған екен, киімдерін жыртып шешіп алып, итке талатқан. Қайта жалаңбұт емес, ішінде тағы бір қабат шалбары болған. Сонымен қалаға жаяу келген. Жанында тағы үш жігіт болған екен. Қазір содан басы ауырады. Өзі ауған соғысына қатысқан ардагер. Сол толқудан бұрын пәтер кезегіне тұрып қойған еді. Енді алайын деп жүрген. Алаңға шығамыз деп сол мүмкіндіктен айрылдық", - дейді желтоқсаншы ерлі-зайыптылар.

Жас жұп артынша 24 желтоқсанда шаңырақ көтерген. Арман қала Алматыны тастап, ерлі-зайыпты Қызылордаға барып тұрақтапты.

"Алланың берген бес перзентіміз бар. Бүйрегім әлі күнге қатты ауырады. Ісініп жүремін, қан қысымым тұрақсыз. Сол кезде ауруым шыққан екен. Жас кезде білінбеді", - дейді өзінің қазіргі жағдайы туралы Гүлшат Төпенова.

"Желтоқсаншылар" басынан өткен жағдайды қазіргі жастардың басына бермесін деп тілейді. Олар 35 жыл бұрынғы оқиға күні кеше өткендей ауыр еске алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947015-1986-zyly-alanga-syqqan-zas-zuptyn-tagdyry-zeltoqsan-oqigasynan-keiin-qalai-ozgerdi/

pixel