Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депрессияны қалай жеңуге болады: Дәрігер жауабы

Опубликовано:

Мирхат Мукушев
Мирхат Мукушев. Фото: NUR.KZ

Депрессия – бүгінде әлемде аса көп таралған кеселдердің бірі. ДДСҰ деректері бойынша, одан халықтың 3,8%-ы зардап шегеді. Депрессияның себептері, белгілері және одан сауығу мүмкіндіктері туралы ШҚО ҚДБ «Шығыс-Қазақстан облыстық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ КМК директоры Мирхат Мукушев айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

- Мирхат Хасенович, депрессия дегеніміз не және оның себептері қандай?

- Депрессия деп аурудың өзін емес, психиатрлар «депрессивтік синдром» деп атайтын, аурулар тобының кейбір белгілерін атайды. Депрессия түрлі себептерден туындайды. Аса кең таралған себебі – созылмалы немесе жедел күйзелістерден туындаған психикалық себептерге байланысты депрессия.

Екінші себебі – жарақаттардан, инсульттен, қантамыр ауруларынан, орталық нерв жүйесінің органикалық зақымдануынан және өзге де денсаулық жағдайларынан туындаған депрессиялық бұзылыс. Сондай-ақ, мидағы зат алмасуы бұзылуының ішкі себептеріне байланысты эндогендік депрессия да болады. Эндогендік депрессия жағдайында эмоционалдық саладағы көріністермен қатар қимыл мен ойлану белсенділігінің бәсеңдеуі түріндегі көріністер де кездеседі.

- Қандай белгілерге назар аудару қажет?

- Басыңқы көңіл-күймен қатар адам үрейленуді, алаңдауды немесе енжарлықты сезінуі мүмкін. Бұл ретте пациент енжар болғанымен, қимыл белсенділігі сақталуы да мүмкін. Тәбеттің артуы немесе төмендеуі орын алуы ғажап емес. Соматикалық симптомдар – іш қатуы, терінің құрғақтығы, шаш түсуі, етеккір келмеуі сынды белгілер де байқалып жатады, басқа аурулар асқынатын болады.

Маңындағылар да адамның мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуы мүмкін. Мысалы, екі апта бойы адамның көңіл-күйі түсе бастауы мүмкін; жұмысын, үйдегі міндеттерін орындай алмайды, ал маңындағы адамдармен тілдесуі қиындауы мүмкін. Ішімдікке әуестеніп , өмірге шағымдана бастауы мүмкін. Бұл – назар аударуды қажет ететін белгілер.

Мирхат Мукушев
Мирхат Мукушев. Фото: NUR.KZ

- Созылмалы депрессия болады ма?

- Эндогендік депрессия созылмалы сипатта болады және өмір бойы көрініс беруі мүмкін. Тұқым қуалаушылық үлкен орын алады. Психикалық себептерге, яғни күйзеліске байланыссыз депрессия әдетте жалпы аман-саулық кезінде көрініс табуы мүмкін, жақсы оқиғалар орын алғанымен, адам қуана алмайды. Осыдан зардап шегу қосарлана түседі.

- Жасырын депрессия дегеніміз не және оны қалай анықтауға болады?

- Жасырын депрессия кезінде адам көңіл-күйге шағымданбайды. Бәрі жақсы секілді, бірақ одан басқа белгілер көрініс табады. Енжар әрі белсенділігі төмен бола бастайды. Өз сезімін жеткізе алмайтын күйге түсуі мүмкін, бұл көрініс «алекситимия» деп аталады. Сезімдер айқындалуын, шығуын талап етеді, ал адам оларды көрсете алмайды. Әдетте, бұл ер адамдарға тән, бірақ әйелдерде де кездеседі.

- Адам депрессияны өздігінше жеңе алуы мүмкін бе?

- Егер біз кейде пайда болатын депрессия туралы айтсақ, ол өз бетінше жойылуы мүмкін. Бірақ, одан қашан құтылатыны және депрессияның қаншалықты ауыр болуы туралы мәселе бөлек әңгіме. Біз мамандарға өмірімізді сақтау үшін жүгінеміз ғой.

- Депрессия қоғамда қаншалықты кең таралған?

- Мыңжылдықтың басында ДДСҰ 2020 жылға таман жұмыссыздық салдарынан, депрессия әлемде тараған дерттер арасында бірінші орынға шығады деп болжады. Бұл – адамзат үшін күрделі қауіп. Бүгінде бұл кеселдің қаншалықты кең етек жайғанын дөп басып айту қиын, десе де депрессияның өте кең таралғандығы анық.

Мирхат Мукушев
Мирхат Мукушев. Фото: NUR.KZ

- Адамдар кейде депрессия жөнінде маманға жүгінуден қорқады, себебі есепке алады, клиникаға жатқызады деп қауіптенеді, емделуге көп қаржы жұмсалады деп ойлайды…

- Қоғамда орын алған аңыздар туралы айтатын болсақ, пациентті емдеуді бақылау немесе тексеруді өткізу үшін ауруханаға жатқызуы мүмкін екендігін айтқым келеді. Ауруханаға пациентті өз еркімен жатқызады.

Ал пациентті есепке алу туралы айтсақ, бұл қоршаған адамдарға қауіп туындайтын болса немесе мүгедектікті рәсімдеу барысында орын алады. Сондай-ақ, пациентке қолдайтын емдеу қажет болса, мемлекет диспансерлік бақылаудағы пациенттерге ақысыз емдеуді беретіндігін қоса айту қажет.

- Туғандар мен жақындардың қолдауы маңызды ма?

- Қолдау, әрине, маңызды, бірақ қандай қолдау көрсету қажет екенін түсінген абзал. «Еңсеңді түсіре берме», «өзіңді қолға ал» деген сөздер қолдау болмайды. Депрессия кезінде адам өзін-өзі қолға алып, қуана бастай алмайды. Түсіну және оны дұрыс жолға бағыттау қажет.

Мирхат Мукушев
Мирхат Мукушев. Фото: NUR.KZ

- Депрессияның қандай алдын алу шаралары бар?

- Күйзелістің, ең кемінде, көңіл-күйімізге әсер ететіндігін түсіну қажет. Және кейбір оқиғалардың алдын алу мүмкін болмаса, жағдайды асқындырмай, қиындықты еңсеріп көруді үйренуге болады.

Ал депрессия орын алған болса, одан сабақ алып, емделіп, әрі қарай өміріңізге өзгерістер енгізуге тырысу қажет. Маманға жүгінуден қорқудың қажеті жоқ.

- Әңгімеңізге рақмет!

*Материал «Джонсон & Джонсон» ЖШҚ Қазақстандағы Филиалының «Янссен» фармацевтикалық тауарлар бөлімшесінің қолдауымен дайындалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947109-depressiyany-qalai-zenuge-bolady-dariger-zauaby/

pixel