Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Егемен ел болу жолында қазақ халқы қандай нәубетті басынан кешірді

Опубликовано:

Монумент
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третяков

16 желтоқсан - тәуелсіздік күні. Осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заңды қабылдады. Қазақ елі аңсаған тәуелсіздік жолында қандай ауыртпашылықтарға тап болды, бүгінгі күнге қалай қол жетті? KAZ.NUR.KZ порталы қазақ халқының егемен ел болуда басынан өткізген қиын-қыстау күндерінің хронологиясын еске салмақ.

"Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама"

"Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" қазақ халқының есінде ұлы қасірет болып мәңгі тарихқа хатталды.

Жоңғарлардың жойқын шабуылының нәтижесінде қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуық жауынгерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлдеқайда көп болды.

Тарихшы Алексей Левшиннің жазуынша, Жоңғария қалмақтары қазақтарға әрқайсысы 10 мың жауынгері бар 7 қолмен шапқан. Олар Балқаш, Қаратау бағытымен жылжып, Алтай асып, Көктал өзені бойымен өрлеген, Нұра өңірін қанға батырып, тоқтаусыз Іледен өтіп, Шелек өзені, Есік көлі, Шу өңірін таптап, қазақ жерлерін иемденген. Екпіні қатты шапқыншылар Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы бейбіт елді аяусыз қырғынға ұшыратып, Түркістан, Сайрам, Ташкент қалаларын басып алған.

Ресей империясының боданы болған қазақтардың жағдайы

Патша өкіметінің қазақ жеріне шаруаларды жаппай қоныстандыруы қазақ халқының ежелден қалыптасқан салт-дәстүрін, шаруашылық жүйесін үлкен өзгеріске ұшыратты.

Патша өкіметінің орталық саясатының барлық кезеңдерінде қазақ жері талан-таражға түсті. Жергілікті тұрғындар жайлы мекендерін тастап, амалсыз ішкері қарай қоныс аударуға мәжбүр болды.

Қазақ даласында патша өкіметінің отарлау саясаты үш бағытта: біріншіден, гарнизондар мен күшейтілген әскери бекініс шептерін тездетіп салу және тұрақты казак-орыс мекендерін құру жолымен, екіншіден, саяси әкімшілік реформалар жасау, сыртқы округтер мен приказдарды одан әрі құру, басқарудың дистанциялық жұмыс түрін енгізу жолымен, үшіншіден, қазақ даласын өзіне біржолата қосу, ал Орта Азия хандықтармен сауда-саттықты кеңейту жолымен жүргізілді.

Ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерілістерге қатысқан қазақтардың күйзелісі

Қазақстанның Ресейге қосылуынан кейінгі отарлық жағдай қазақ халқының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресіне қозғау салды. ХVІІІ-ХХ ғасырларда қазақ даласында Ресей отаршылдарына қарсы бірнеше ірі ұлт-азаттық қозғалыстар болды. Қазақ халқының тәуелсіздік пен дербес даму жолында Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістер маңызды орын алды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде 3 мың қазақ құрбан болды. Бұл қозғалыстың ең ірі ошақтары - Торғай мен Жетісу өңірінде болды.

Алаш қозғалысы

Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов жетекшілік еткен ұлт зиялылары жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа басқаша сипат беру үшін газет шығару, азаттыққа үндеген кітаптар шығарып тарату, мемлекеттік дума жанындағы мұсылман фракциясы жұмысына, түркішілдік қозғалыстарға атсалысу сияқты қазақ қоғамына бейтаныс күрес әдістерін игерді. Аталған қозғалыстардың барлығы отарлық езгі мен қанауды жоюға бағытталды.

Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ұлы ашаршылық зұлматы

Кеңестiк билiк тұсында Қазақстанда екі рет аштық қырғыны орын алды. Әрине, ең қасіретті нәубет өткен ғасырдың 30-шы жылдары болды. Тарихта "Ұлы жұт" деген атпен белгілі ашаршылық жылдары қазақ халқы жер бетінен жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды. Сонымен бірге, 1919-1922 жылдары орын алған ашаршылықты да естен шығармау қажет.

Тарихшы Манаш Қозыбаев осы аштық туралы: "1921-1922 жылдардағы аштық қазақтарды демографиялық апатқа әкелді. 1922 жылдың наурызында Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарында 2 миллион 350 мың адам аштыққа ұшырады, олардың көбі өлді. Үкімет тарапынан көрсетілген көмек тек қала тұрғындарына жетті, сол уақытта онда қазақтардың екі-ақ пайызы орныққан еді, дені ауылдарда болатын", - деп жазады.

Тарихшы Талас Омарбеков Қазақстандағы бұл ашаршылықтың шығуына ауа райының қолайсыздығы емес, азамат соғысының тұтануынан шаруашылықтың күйзелуі, яғни большевиктердің біржақты саясат жүргізуі себеп деп тұжырымдаған.

Ал 1931-1933 жылдардағы ашаршылық - Қазақстан тарихындағы ең зұлмат кезең. "Бай-кулактарды кәмпескелеу туралы" 1928 жылы қаулы күштеп тәркілеуге ұласып, кеңестік үкімет байлармен қатар орта шаруалардың малын да зорлықпен тартып алды.

Қолдан жасалған ашаршылықтан елімізде қазақтардың үштен бірі ғана аман қалды. 1992 жылы осы мәселені Қазақстанның жоғарғы кеңесі төралқасының комиссиясы арнайы тексеріп, "Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ, табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 миллион 200 мың адамнан, яғни барлық қазақ халқының 48 пайызынан айрылды", - деген тұжырымдама жасады.

Мал-мүлкінен айырылған бір жарым миллионнан астам қазақ ашаршылыққа ұшырап республикадан тысқары жерлерге босып кетті. Олар Қытай, Монғолия, Орталық Азияға, Ауғанстан, Иран және Түркия сияқты елдерге үдере көшуге мәжбүр болды.

Саяси қуғын-сүргін

Қазақ халқы, әсіресе оның зиялы қауымы мен партия басшылығы қызметіндегі белсенді азаматтар 1926-1930 жылдардағы қудалауға ұшырады. 1937-1938 жылдары 135 мың қазақ интеллигенциясы саяси репрессия зобалаңының құрбаны болып, атылды. Саяси репрессияның толқынында қаза тапқан, ақын жазушылардың басым бөлігі Қазан төңкерісіне дейінгі жылдарда қызмет еткен зиялы қауым өкілдері еді.

Олардың құрамында Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Санжар Аспандияров, Құдайберген Жұбанов, Жұмат Шанин, Халел Досмұхамедов, Елжас Бекенов, Біләл Сүлеевтер халық жаулары болып дүниеден өтті.

1937-1938 жылдары 1 миллион адам атылып, 2 миллион адам тұтқында қаза болған. М.Тәтімов "Зұлматтың ауыр зардабы" атты еңбегінде 1937-1938 жылдары қазақстандықтардың 44 мыңы түрмеде ату жазасына кесіліп, оның 22 мыңы атылған деп жазады.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде құрбан болған қазақтар

Ұлы Отан соғысы майдандарында қаза болған қазақстандықтар санына байланысты түрлі пікір бар. "National digital history of Kazakhstan" интернет порталының хабарлауынша, соғыстан оралмаған қазақстандықтардың саны 601 000-ға дейін жетіп отыр, оның 350 мыңнан астамы қазақтар. Бұл қолға қару алып, ұрыс даласында қаза тапқардардың саны.

Егер осы тұстағы халықтың жалпы саны мен соғыста қаза тапқан ұлттардың санына шағатын болсақ, қазақтардың шығыны көршілес өзбек, татар, азербайжан, грузиндерден анағұрлым жоғары. Бұл пайыздық шығын жағынан қазақ халқы өз жерінде соғыс қимылдары болған орыстармен, украиндермен, белорустермен деңгейлеседі.

Желтоқсан оқиғасы

Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылығы – азаттыққа ұмтылған қазақ халқының тарихындағы елеулі оқиға. Әлі күнге дейін бұл оқиғаның құпиялары толығымен ашылған жоқ.

Желтоқсан оқиғасы кезінде оған қатысқандар саяси тұрғыдан ашық қуғынға ұшырады. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. Дүрбелеңге қатысқан жастар соққының астында қалып, изоляторларда отырды, жұмыстан, партиядан, комсомолдан қуылды.

"Қазақ ССР денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша желтоқсан оқиғасында жарақат алып, ауруханаларға түскен адамдардың саны - 83. Олардың 82-сі қазақ, біреуі башқұрт азаматы. Олар №2, №4, №5 қалалық клиникалық, денсаулық сақтау министрлігінің 4-ші Бас басқармасының Орталық жедел дәрігерлік жәрдем беру, орталық қалалық клиникалық, Алматы облыстық ауруханаларына, хирургия институтына жатқызылған.

Қақтығыс кезінде 44 адам басынан жарақат алған. 286 адам ауруханаға жатпай, амбулаториялық ем алған. "Олардың 281-і қазақ, бесеуі басқа ұлт өкілдері", - дейді жазушы Тоқтар Бейісқұлов "Желтоқсан ызғары" кітабында.

Міне, небір зобалаң заманды бастан кешкен қазақ халқы осы күнге де жетті.

KAZ.NUR.KZ порталы өз оқырмандарын бүкіл қазақ елі үшін мәні терең мерейтой – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтайды!

Материал интернеттегі ашық ақпарат көздерінің көмегімен дайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947192-egemen-el-bolu-zolynda-qazaq-xalqy-qandai-naubetterdi-basynan-kesirdi/

pixel