Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қызын сағынып өткен": Желтоқсан қаһарманы Ләззат Асанованы ақтау үшін өмірін арнаған ана жайлы не білеміз

Опубликовано:

Алтынай Асанова
Алтынай Асанова: azattyq.org

2021 жылдың қыркүйегінде желтоқсан оқиғасының бас кейіпкерлерінің бірі – Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова өмірден өтті. Қыршыннан қиылған қызын ақтап алу үшін бар ғұмырын арнаған ана коронавируспен ауырып, соңғы бір аптада жансақтау бөлімінде жатқан. Бастауыш сыныпқа сабақ беретін қарапайым мұғалімді қалың елге қызының қазасы танытқан еді. KAZ.NUR.KZ тұңғышының тағдыры үшін күрескен Алтынай Асанова туралы деректерді назарларыңызға ұсынады.

Алтынай Асанова желтоқсан оқиғасына дейін бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет еткен. Алайда, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында қызы жұмбақ жағдайда қаза тапқан соң, оның өмірі күрт өзгереді. Тұңғышының ауыр қазасын көтере алмай, екінші топтағы мүгедек жанға айналады. Алайда, сан қилы қиыншылықтарға қарамастан. Алтынай ана қызы Ләззатты ақтап алу үшін бар күшін салды.

"Ләззат кішкентай кезінен өте алғыр, өжет болып өсті. Мектепте өте жақсы оқыды. Алты жасынан домбыра тартты. Өнерге жақын болды. Тұла бойы тұңғышым болған соң, серігім де, ақылшым да Ләззат болатын. Оның өлімі маған өте ауыр тиді. Қайғыдан екінші топтағы мүгедек болып қалдым. 1991 жылға дейін сөйлей алмай қалған кездерім болды. Содан кейін барып, Ләззатым ақталғаннан кейін, жігерімді жинап, өмірге құштарлығым оянды. Мен былай ойлаймын, егер Ләззатым сондай алғыр, өжет, тапқыр қыз болмаса, менен тумаған болар еді. Енді Ләззатымның көрмеген қызықтарын бүгінгі тәуелсіз елдің жастары көрсе екен деп тілеймін", - деген болатын Алтынай Асанова Желтоқсан оқиғасының 29 жылдығына арналған жиында.

Алтынай Асанова көзі тірісінде берген сұхбаттарында қызы ақталып шыққанға дейін жаны жай таппағанын жиі айтады. 2013 жылы қаладағы бір бөлмелі пәтерін сатып, Ләззат Асановаға арналған кітабын жариялады. Сол туындыда ол өмір бойы қызын сағынып келгенін мәлімдеген.

«Мен анамын. Бес бала тәрбиелеген, өмірге әкелген, солардың қызық-шыжығын көрген анамын! Қазақ даласын қалың ұйқысынан оятқан ұлы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінің құрбаны марқұм Ләззат Асанова секілді ержүрек, халқын шынайы сүйген арудың анасымын! Кезінде қорланып, мына қас-қағым өмірден он екіде бір гүлі ашылмай, өкініш пен қасіретті артына, мына мен бейбаққа мәңгілікке тастап кеткен Ләззаттың анасымын! Мәңгілік арман мен өкінішті кеудеме құйып, содан арылмастай етіп, қанша жыл өтсе де, заман өзгеріп, дүние жаңарып, еліміз Тәуелсіздікке ие болып, егемен атанып жатса да қайғы-мұңы бір сәт ортаймайтын анамын! — деп жазған еді Алтынай Асанова өзінің "Ақжазықтың аймаңдай аруы" атты кітабында.

Желтоқсан оқиғасында қаза тапқан Ләззат Асанова Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін ақталды. Оның ақталуына анасы Алтынай зор үлес қосты.

Ләззат Асанова 1970 жылы 27 шілдеде Алматы облысы Панфилов ауданын қарасты Ақжазық ауылында туған. Кішкентайынан өнерге жақын болған Ләззаттың таңдауын анасы қолдап, Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық учелищеге оқуға түседі. Алайда, Ләззат бар болғаны бір жарым жыл білім алып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында мерт болды.

Алғашында Ләззаттың өліміне жатақханадан секіріп кеткені себеп болды деген ақпар шықты. Алайда, анасы оның Желтоқсан оқиғасында қаза тапқанын дәлелдеп, марқұмды ақтап алды.

Ләззаттың анасы Алтынай Асанова өмірінің соңын Алматыда өткізді. Қызы Ләйланың айтуынша, ол Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына дайындалып жүрген.

«Вирусқа шалдығып содан қайтты. Соңғы бір апта жан сақтау бөлімінде жатты. Ауырып жүргенде «емделіңіз деуші едім», бірақ бітіретін жұмыстарым көп дейтін. Биыл Желтоқсан оқиғасына 35 жылдығына орай құрған жоспары бар еді», - деді қызы Ләйла.

Алтынай ана өмірінің соңына дейін қызының қазасының себебі ашылмады деген оймен өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947198-qyzyn-sagynyp-otken-zeltoqsan-qaharmany-lazzat-asanovany-aqtau-usin-omirin-arnagan-ana-zaily-ne-bilemiz/

pixel