Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

Опубликовано:

"Мәдениет порталы"
Фото: "Мәдениет порталы"

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен «Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігінде тұңғыш рет өткізілген «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық байқауының марапаттау кеші өтті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".

Елімізде бұған дейін болмаған мега жобаның аясында жеңімпаз суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қазақ бейнелеу өнері мен әдебиетінің майталмандары және Қарағанды облысының белгілі тұлғалары қатысты.

«Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» республикалық байқауының суретшілерге арналған кезеңіне қазылық еткен қазылар алқасының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, "Қазақ Елі" монументінің авторы Сембіғали Смағұлов көрмеге қойылған әрбір картинаға жеке-жеке тоқталып, қазақ бейнелеу өнерінің қарыштап дамып келе жатқанына қуанғанын жасырмады.

"Мәдениет порталы"
Фото: "Мәдениет порталы"

Бағдарлама бойынша көрмеден кейін жеңімпаз ақындардың өлеңдері қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударылып, суретшілердің картиналарымен бірге жарыққа шыққан арнайы альбомның тұсаукесері өтті.

Тұсаукесерде сөз алған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған мега жобаның қатысушыларына шығармашылық табыс тілеп, аталған жобаның бұдан әрі дами һәм жетіле түсуіне тілек білдірді.

Республикалық байқаудың ақындарға арналған кезеңіне қазылық еткен қазылар алқасының мүшесі Серік Сағынтаев, сарапшылар мүшесінің төрағасы Сұраған Рахметұлы және қазақтың көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбай да қос өнердің басын біріктірген жобаның ұйымдастырушылары Қарағанды облысы мен «Мәдениет порталы» зор алғысын білдірді.

Әрмен қарай «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» республикалық байқауының марапаттау кеші жеңімпаз суретшілер мен ақындардың шығармалары жайлы арнайы түсірілген бейнероликтерді тамашалаумен жалғасты. Кеш барысында жеңімпаздар арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

"Мәдениет порталы"
Фото: "Мәдениет порталы"

Айта кетейік, төрт айға созылған мега жобаның суретшілерге арналған алғашқы кезеңіне 101 суретші, 300-ден астам картина келіп түссе, екінші кезеңде 100-ге жуық ақындар бақтарын сынады. Олардың ішінен тек қана 8 суретші мен 8 ақын үздіктер қатарынан табылды.

“Мәдениет порталының” директоры, қазақтың белгілі ақыны Бауыржан Қарағызұлы өзінің Facebook парақшасында байқаудың 7 еркешелігіне тоқталып өтті:

“1. Қатысушылар шығармаларын Мәдениет порталы арқылы үйде отырып, онлайн түрде өздері жариялады.

2. Қазылар алқасы ел алдында ашық жарияланған шығармаларды бір-біріне тәуелсіз жеке-жеке бағалады. Қорытынды бағалау ашық онлайн өтті.

3. Байқау екі кезеңмен өтті. Бірінші кезеңде 101 суретші шығармаларын ұсынып, 8 жеңімпаз суретшінің туындысы анықталды. Екінші кезеңде үздік 8 суретші туындысына 104 ақын өлең жазып, 8 үздік ақын анықталды.

4. Жеңімпаз суретшілер мен ақындардың туындылары туралы бейнероликтер түсірілді.

5. Жеңімпаз ақындар мен суретшілер туындылары топтастырылған жоғары сапада безендірілген үш тілде (қазақ, ағылшын және орыс тілінде) кітап-альбом жарық көрді. Кітап-альбомдағы QR кодттар арқылы жеңімпаз суретшілер мен ақындардың туындылары туралы түсірілген бейнероликтерге өтуге болады.

6. Кітап-альбом әлемдегі ең беделді, ең үлкен кітапханаларға таратылуда.

7. Бауқау қорытындысында суретшілер көрмесі ұйымдастырылып, ақындардың әдеби кеші өтті!

Міне, осындай бірегей жобаны қолдаған Қарағанды облысы әкімі Касымбек Женис Махмудулы, әкім орынбасары Abzal Núken, облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебулан Жумакенов мырзаға, қазылар алқасы Sembigali Smagulov, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақберен Елгезек, Адилгали Баяндин, Серік Сағынтай, Бейбіт Мұстафиндерге, жоба сарапшылары Сұраған Рахметұлы, Ықылас Ожайұлы Ұларбек Нұрғалымұлы, Шаттық Батан сіздерге зор құрметпен алғыс айтамын!

Барлық қатысушылар жобаның келер жылы жалғасуын сұрап жатыр. Аман болсақ жалғасын табады деп ойлаймын”, - деп жазды Бауыржан Қарағызұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947231-tauelsizdik-soz-ben-suret-respublikalyq-baiqauynyn-zenimpazdary-anyqtaldy/

pixel