"Бір орында тұра алмайтын": Елорда тұрғыны төрт жасар қызын қатарға қосу үшін жұмада халықтан көмек сұрады
Жарияланған күні:
Төрт жасар Адия Түйтебай – елордалық отбасының ең кенжесі. Ата-анасы үшін Адия ең ерекше бала, өйткені, сәбидің ағзасында жетіспеушіліктер болатынын олар бала туылмай тұрып-ақ бірген. Алайда, Адияға қандай диагноз қойылатыны дүниеге келген соң ғана белгілі болды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Жүктіліктің 12-аптасындағы скрининг кезінде бала туылған соң денсаулығында өзгерістер болатыны анықталды. Бірақ сәбиде нақты қандай сырқат болатынын ешкім болжай алған жоқ. Дәрігерлер баланы алдыртып тастауға кеңес берді. Ал мен өзім аборт жасамаймын деп шештім. Өйткені, іштегі баладан бас тартуға қай ананың жүрегі дауалайды? Күресуге дайын болдым да, баламның денсаулығы үшін аянып қалмауға бел будым. Бұл кезеңдер мен үшін өте ауыр болатын", - деп еске алды Адияның анасы Мәдина Бейсембенова.
Әр күн сайын баласының дені сау болуын тілеген ана қызын дүниеге әкеледі. Ал кейін Мәдина Адияның дамуы кешеуілдегенін байқайды. Бір жасқа дейін ол өздігінен отыра да, еңбектей де алмаған.
Адия бір жарым жасқа толғанда дәрігерлер оған сал ауруы диагнозын қойды. Нақтырақ айтар болсақ, ол сал ауруының орта дәрежедегі атоник-астатикалық формасына шалдыққан.
"Біз белсенді түрде баланы дамытуды қолға алдық. Күн сайын бассейнге барып, емдік дене шынықтырумен айналысқанымыз өз нәтижесін берді. Адияға Ұлттық балаларды оңалту орталығына жолдама берген. Бұл жолдаманы бір-ақ рет алдық. Мұндай ерекше балаларға оңалту қатты қажет болса да, бұл заң жүзінде қарастырылса да, біздің кезегіміз жеткізбей қойды. Күтетін уақыт жоқ, сол себепті, аталған орталықта ақылы түрде емделдік. Үйге жекелеген мамандарды ақылы түрде шақырып, күн сайын Адияны жүргізу үшін күш салудамыз", - дейді анасы.
Бүгінде мамандардың көмегімен Адия жүріп кетті. Алайда, балақай әлсіз. Ол тепе-теңдікті сақтай алмай, құлап қала береді және тез шаршайды. Жақында ата-анасы Самарадағы оңалту орталығына апарған соң, төрт жасар бүлдіршінде оң өзгерістер байқалған.
"Мұның бәрін емдеуге болады. Самарадағы оңалту орталығына апарған соң, қызымның түсінігі жақсара бастады. Ыңылдап ән айтатынды шығарды. Келесі жылы біз Самарадағы «Прогноз» неврологиялық орталығына тағы да баруды жоспарлап отырмыз. Ол жақта коррекциядан бөлек, миға стимуляция беретін Томатис, микрополяризация, магнитті терапия алдық. Бізде қаншама проблема болды.
Ол бір орында 30 секунд аяғын басып тура алмайтын, өз денесін көтере алмайтын. Бүгінде ол жүгіреді десем артық емес. Бірақ әлі де сөйлемейді. Көп нәрсені білетіні көңілге медеу. Оның оқып, жазып, сөйлеп, мектепте баратын мүмкіндігі бар. Оның қазіргі нәтижесі үлкен еңбекпен келді. Енді біз оны Санкт-Петербург қаласына апарып, емдеуді жалғастырсақ деген ойдамыз. Алайда, қаражат қолды байлап тұр. Әрбір курсқа шамаман екі миллиондай ақша кетеді. Күйеуімнің табысы да түгел Адияға жұмсалады. Қазіргі кезде 3 171 600 теңге керек. Соны жинауға көмектесіңіздерші, - деді Мәдина.
Адияға көмек берем деушілер үшін реквизиттер:
Kaspi Gold: 4400 4301 5642 4647 MADINA BEISEMBENOVA
Тел номер: 8 777 001 22 83
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947237-bir-orynda-tura-almaityn-elorda-turgyny-tort-zasar-qyzyn-qatarga-qosu-usin-zumada-xalyqtan-komek-surady/