Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан Қарулы күштері - Тәуелсіздіктің алтын діңгегі

Опубликовано:

Бақытжан Ертаев
Видеодан кадр: R&S Media

Қазаққа Тәуелсіздік ойда-жоқта келе салған жоқ. Мұның терең тарихы бар. Сонау Сақ заманынан тыныс алатын Ұлы дала елі талай қиыншылықты бастан кешірген. Қазақ қашанда еркіндікке қол созған, бостандығын дара тұтқан ел.

Шыңғыс әскері қаптаған уақытта да, жоңғар шапқыншылығы кезінде де, орыстың отары болған сәтте де біз тәуелсіздігімізді бірінші орынға қоя білген халықпыз. Титімдей сәт туса басымызды көтеріп, бар екенімізді паш етуді міндет тұттық. Осындай құдіреттің арқасында 1991 жылы бізге Тәуелсіздік бұйырды. Бұл біріншіден қазаққа деген жаратқанның сыйы болатын.

"Біздің бабаларымыз Тәуелсіздіктің құнын білген және соны аңсаған. Олар соңғы қасық қаны қалғанша жаумен күресті, жан алысып, жан берісті. Міне содан бізге осындай үлкен байтақ ел мұраға қалды. Біздің ұрпаққа Тәуелсіздік бұйырды. Ал енді осыны сақтау, елді дамыту біздің міндетіміз" , – дейді халық қаһарманы Бақытжан Ертаев.

Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев әрбір ер азамат Отан алдындағы парызын орындап, елін қорғауы шарт дейді.

"Мен бірінші күнімнен Отанымның сарбазымын, елім үшін кез-келген бұйрықты орындауға әзірмін. Бұл кез-келген ердің міндеті. Бауыржан Момышұлы айтқан мына жолдар менің көкейімде ылғи сайрап тұрады: "өз еліңнің құлы болсаң, басқа елдің құлы болмайсың, Отан үшін отқа түссең – жанбайсың, суға түссең – батпайсың" деген. Міне біз осыны өскелең ұрпаққа айтып отыруымыз керек. Міне осыдан кейін ғана біз қастерлі Тәуелсіздігімізді мәңгі ете аламыз" , – деді Бақытжан Ертаев.

Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жыл ішінде төрт құбыласын түгендеп, барлық көрші елдермен шекарасын шегендеген ел. Әлемдегі қос держава – Ресей мен Қытайдың арасында алтын көпір болып, бейбітшілігін сақтаған, айбынын асқақтаған ел болып ғұмыр кешуде. Елді құрлық күштері, әуе қорғанысы күштері және әскери-теңіз күштері сапындағы сарбаздар күндіз-түні қорғауда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947289-qazaqstan-qaruly-kusteri-tauelsizdiktin-altyn-dingegi/

pixel