"Ет асып жатырмыз": Астаналық тұрғынның қыстық соғымын ұрлаған таксиші жігіт ұсталды

Опубликовано:

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: olx.kz

Елорда тұрғыны Шымкенттен салып жіберген соғымына арада бір айдан аса уақыт өткен соң қол жеткізді. Естеріңізде болса, бұл оқиға жайлы KAZ.NUR.KZ хабарлаған болатын. Жылқының етін алып, байланысты үзген такси жүргізушісі жақында қолға түсті.

Бұл туралы астаналық тұрғын Манат Әбдірахымқызы хабарлады.

"Шымкенттен бауырым салып жіберген соғымды сарыла күткенімізге бір айдан асыпты. Жол-пұлы төленген, ақылы такси қызметінде жүрген адамнан мұндай күтпеген едік. 15 қараша күні жолға шыққан ол қалаға келерде сөзінен тайқып, біздің несібемізді ұрлап кетті. Телефонын сөндіріп, байланысты үзді. Осы аралықта полицияға арыз жазсақ та, ұрыны ұстау оңай болған жоқ", - дейді ол.

Бір жылқының етін орта жолда қолды қалған азамат порталда материал жарық көрген соң көп ұзамай ұсталды.

"Осы орайда, Шымкент қалалық полиция департаментіне қарасты Қаратау аудандық полиция бөлімінің басшылығына, полиция капитаны Жұмабай Күнназаровқа алғысымды білдіремін. Соғымымыз сол күйі қолымызға тиді. Бүгінде күнде ет асып, ошақтан қазанымызды түсірген жоқпыз", - дейді Манат.

Айта кетелік, соғымды қолды қылған азаматқа қатысты анықтау және тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947675-et-asyp-zatyrmyz-astanalyq-turgynnyn-qystyq-sogymyn-urlagan-taksisi-zigit-ustaldy/