Түркістан облысында корпоративтен "қашқан" шенеуніктер видеоға түсіп қалды

Опубликовано:

кентау
Видеодан кадр: Нурсултан Тошаев/Facebook

Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Кентау қаласындағы мейрамханалардың бірінде түсірілген видео пайда болды. Онда қызметкерлердің карантин талаптарына бағынбай, бас қосқаны айтылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Отырыстың видеосы Facebook әлеуметтік желісінде жарияланды.

Видео авторы Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысы Кентауда мерекелік шара ұйымдастырғанын, оған аудандардан қызметкерлер келгенін жеткізген.

Осы ретта автор шенеуніктерге жаңажылдық кеш өткізуге болмайтынын, ал мектептерде балаларға арналған көптеген шараны өткізуге тыйым салынғанын еске салып, мұның қаншалықты дұрыс екенін сұрады.

"Бұл қаншалықты заңды немесе заңсыз?", - дейді автор.

Кадрдан полиция қызметкері мен камераға түсірген адамды көрген кейбір қонақтардың бетін жауып, сыртқа қашып жатқанын байқауға болады.

Бұл видеоға Түркістан облыстық полиция департаменті пікір білдірді.

Ведомствоның мәліметінше, 23 желтоқсан күні сағат түнгі 22.45 шамасында Кентау қаласының полиция бөліміне ер адамнан хабарлама түскен. Ол өзін қоғам белсендісімін деп таныстырып, қаладағы мейрамханалардың бірінде жаңажылдық кеш өтіп жатқанын, карантин талаптары бұзылғанын айтқан.

Осыдан кейін оқиға орнына тәртіп сақшылары барған. Ғимаратта расында адамдардың жиналғаны, арақашықтықтың сақталмай, карантин талаптарының бұзылғаны анықталған.

Полиция қызметкерлері аталмыш факті бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша материалдар толтырып, санитарлық дәрігерлерге жіберген.

Тиісті шешімді солар шығарады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948662-turkistan-oblysynda-korporativten-qasqan-seneunikter-videoga-tusip-qaldy/