Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда 2021 жылы билікке кімдер келіп, кімдер кетті

Опубликовано:

Шенеунік
Көрнекі фото: Sputnik / Владислав Воднев

2021 жылы Қазақстан билігінде ауыс-түйіс аз болған жоқ. Осы орайда сиыр жылы кімдер билікке келіп, кімдер орнын босатқанын толығырақ Sputnik Қазақстан ұсынады.

Үкіметтің отставкасы

Жылдың басы үкіметтің отставкаға кетуімен есте қалды.

10 қаңтарда елде парламент мәжілісінің сайлауы өткен болатын. Конституциялық заңға сәйкес, министрлер кабинеті мәжіліс құрамы қайта сайланғаннан кейін өз өкілетін тоқтатады. Осылайша 15 қаңтарда Асқар Мамин бастаған үкімет отставкаға кетті. Бірақ көп ұзамай, 18 қаңтарда президент Қазақстан үкіметінің жаңа құрамын бекітті.

Үкіметтің құрамы айтарлықтай өзгерген жоқ. Премьер-министр мен министрлердің басым бөлігі жылы орнын сақтап қалды. Тек екі министр ғана ауысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Біржан Нұрымбетовті Серік Шәпкенов алмастырса, ұлттық экономика министрлігіне Руслан Дәленовтің орнына Әсет Ерғалиев келді.

Айта кетейік, Әсет Ерғалиев – үкіметтегі ең жас министр. Ол небәрі 34 жаста. Министрлік тізгінін қолына алғанға дейін сол ведомствода вице-министр қызметін атқарды.

Экс-министр Руслан Дәленов Еуразия даму банкі басқармасының төрағасы қызметіне тағайындалды.  

Сонымен қатар, премьер-министрдің тағы бір орынбасары пайда болды. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді төртінші вице-премьер қызметін қоса атқарады.

Дариға Назарбаева парламентке оралды

2021 жылы 10 қаңтарда өткен мәжіліс сайлауынан кейін 58 жастағы саясаткер парламентке қайта оралды. Қазір ол мәжілістің VII шақырылымының депутаты. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.

Тоқаев Сапархан Омаровты отставкаға жіберді

Биыл Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі сынға көп ілікті. Оған себеп те жоқ емес. Елді қуаңшылық жайлап, жем-шөп тапшылығынан мал қырылды, шаруалар тығырыққа тірелді. Жаздың ортасында картоп пен сәбіз бағасы аспандап кетті. Жан-жақтан дабыл қағылса да, Сапархан Омаров басқарған министрлік дер кезінде шара қолдана алмады. Фермерлер шарасыздықтан тікелей президенттен көмек сұрады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысына халықтың ғана емес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көңілі толмады. Ақыр соңында мемлекет басшысы "күрделі кезеңде шұғыл әрі батыл шешімдер қабылдай алмаған" министр Сапархан Омаровты отставкаға жіберуді жөн көрді.

Оның орнына ауыл шаруашылығы министрі болып Ербол Қарашөкеев тағайындалды.

Экс-министр Омаров ауыл шаруашылығы саласынан кеткен жоқ. Қазір ол "Азық-түлік келісім шарт корпорациясының" басқарма төрағасы қызметін атқарып жүр.

Әскери қоймадағы жарылыстан кейінгі ауыс-түйіс

26 тамыз Жамбыл облысының Байзақ ауданында әскери қойма жарылды. Оннан астам адам ажал құшып, тоқсанға жуығы зардап шекті. Қоймада жарылыс болғанын естігеннен кейін сол кездегі қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуге шешім қабылдаған. Қазақстан президенті оның өтінішін қабылдады.

Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысы болып Мұрат Бектанов тағайындалды.

Бұған дейін ол қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының басшысы болған еді.

Қалмұханбет Қасымов мемлекеттік қызметтен кетті  

2021 жылы 30 шілдеде мемлекет басшысының жарлығымен Қалмұханбет Қасымов Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымынан босатылды. Қасымов отставкаға және мемлекеттік қызметтен кету туралы өзі өтініш берген. Ол бұл қызметке 2020 жылдың қаңтарында тағайындалған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қасымовқа құқық қорғау органдарындағы ұзақ жылғы қызметі мен мемлекеттік күзет қызметінің бастығы ретінде сіңірген еңбегі үшін алғыс айтты.

Араға бір ай салып мемлекеттік күзет қызметіне жаңа басшы келді. Тоқаев бұл қызметке Қасымовтың орынбасары болған Ермек Сағымбаевты қойды.

Министр әкім болды

Қыркүйек айының басында мұнайлы өлкенің жұртшылығы жаңа әкімін қарсы алды. Президенттің жарлығымен Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысына әкім болып барды. Ол Қазақстанның энергетика министрі лауазымынан босатылды.

Айта кетейік, Ноғаевтың әкім ретінде тәжірибесі мол. Оған облыс әкімі болу – таңсық жұмыс емес. Себебі шенеунік бұған дейін бірнеше жыл Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарын басқарды.

Ал Маңғыстау өңірінің бұрынғы басшысы Серікбай Трұмов сенат депутаты болды.

Бір министрліктен екінші министрлікке

Нұрлан Ноғаев елдің батысына әкім болып кеткен соң, энергетика министрлігінің тізгіні оның әріптесі Мағзұм Мырзағалиевтің қолына тиді. Бұған дейін ол экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін басқарған болатын.

Мырзағалиевтің орнына экология министрі болып Серікқали Брекешев келді.

Бозымбаев Баталовты алмастырды

Алматы облысын 2014 жылдан бері басқарған Амандық Баталов қараша айының соңында қызметінен кетті. Жуырда экс-шенеунік 69 жасқа толған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Амандық Баталовқа жемісті қызмет атқарғаны, өңірді дамытуға және облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.

Алматы облысының жаңа әкімі болып Қазақстан президентінің көмекшісі болған Қанат Бозымбаев тағайындалды. Бозымбаев бұған дейін де екі рет облыс әкімі болды. 2009-2013 жылдары Жамбыл облысын, 2013-2016 жылдары Павлодар облысын басқарды.

Тоқаев Цойды қызметінен босатты

Жыл аяқталуға тақағанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қызметінен босатты.

Цой елде коронавирус індеті күшейіп, өлім-жітім көбейген тұста министр болған еді. Ол 2020 жылдың маусымында қазір тергеліп жатқан Елжан Біртановтың орнына келді.

Цой қызметінен кету туралы шешімді осыдан сегіз ай бұрын қабылдапты. Десе де бұрынғы шенеунік медицинадан біржола қол үзбейді. Экс-министр азаматтық секторға ауысып, ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтау саласын дамытатынын айтты.

Әзірге Цойдың орнына жаңа министр тағайындалған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі басшысының міндетін вице-министр Жандос Бүркітбаев атқарып жүр.

Бекболат Тілеухан енді депутат емес

29 желтоқсан күні парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Тілеухан депутаттықтан өз еркімен кеткен.

Енді ол Бүкіләлемдік этнос конфедерациясының бірінші вице-президенті қызметін атқарады.

Бұрынғы вице-министр Ғабидолла Әбдірахымов

Күзде Ғабидолла Әбдірахымов басқа жұмысқа ауысуына байланысты мәдениет және спорт вице-министрі қызметінен босатылды. Қазіргі таңда бұрынғы шенеуніктің немен айналысатыны белгісіз. Бұл қызметке ол осы жылдың басында тағайындалған еді.

Серік Сәпиев те кетті

Қазан айында Серік Сәпиев мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы қызметінен өз еркімен кететінін мәлімдеді. Олимпиада чемпионы комитет басшылығына 2019 жылдың қаңтарында келген еді.

Сәпиев алдағы уақытта Ұлттық олимпиада комитетінде жұмыс істейтінін айтты. Бірақ ол комитеттегі лауазымын нақтылаған жоқ.

Сәпиевтің орнына спорт және дене шынықтыру істері комитетіне Самат Ерғалиев келді. Бұған дейін ол Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған.

Бекшин зейнетке шығады

Жаңа жылдан бастап Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин зейнетке шықпақ.

Заң бойынша зейнет жасына толған мемлекеттік қызметшінің келісімшарты бір жылға ғана ұзартылады. Ал Бекшиннің келісімшарты аяқталған.

5 қаңтарға дейін Жандарбек Бекшин демалыста болады, содан кейін өз өкілеттігін тапсырады. Осыдан кейін ол Нұр-Сұлтанға оралуға ниетті екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949490-elimizde-2021-zyly-bilikke-kimder-kelip-kimder-ketti/

pixel