"Барлық қиындықты бірге өткердік": Боксшы Сәкен Бибосынов сүйген жарымен арақатынасы туралы айтты
Жарияланған күні:
2021 жылы еліміздің үздік спортшысы атанған Сәкен Бибосынов KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, былтырғы жылдың өзі үшін өте табысты өткенін мәлімдеді. Айта кетелік, желтоқсан айында боксшы шаңырақ көтерген болатын.
"Жақында ғана тойымызды өткіздік, Аллаға шүкір. Үйге келін әкеліп, анамның қолын ұзартып жатқан жағдайым бар. Келіншегім Ордабасы ауданы, Амангелді ауылының тумасы. Екеуміз бес жылдан бері сөз байласып келгенбіз. Некемізді қиып, отау құратын сәт жылдың соңында бұйырыпты.
Жұбайым медбике болып жұмыс істейді. Анаммен бірге тұрамыз, қара шаңырақтың иесі болып мен қалдым. Олимпиадаға дейінгі талай қызықты әрі қиын сәттерді келіншегіммен бірге өткердім десем, артық емес. Енді біз отбасылық өмір деген ең жауапты кезеңге аяқ бастық. Құттықтап жатқан барша қауымға алғысымды білдіремін", - деді Сәкен.
Сондай-ақ, боксшы Олимпиададан кейін ағаларына үй алып бергенін де жасырған жоқ.
"Иә, Токиоға жол жүріп бара жатқанда анама уәде берген едім. Егер бәрі оңынан болса, екі ағама үй алып беретінімді айттым. Әрине, біз ақша үшін емес, намыс үшін жұдырықтасамыз. Мен үшін елімнің абыройы қашан да бірінші орында. Токио шаршы алаңында бар күшімді салдым. Соның өтеуі де жаман болған жоқ. Құдайға шүкір, қазір екі ағамның да үйі бар", - деді әлем чемпионы.
Сөз арасында боксшы өзіне қай жүлдесі ерекше ыстық екенін де айтты.
"Әрбір медальдің орны бір төбе. Өйткені, ешбір жарыста аянып қалмаймын, әр жүлденің артында өлшеусіз еңбек жатыр. Токиоға топ жарамын деп барғанмын, бұйырғаны қола болды. Ал Сербияда әлем чемпионы атанған сәтім ешқашан ұмытылмайды. Бұл сәтті ұмыту мүмкін емес. Көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз қалықтаған соң, Белградтағы жеңіс ерекше ыстық секілді", - дейді Бибосынов.
Олимпиада мен әлем чемпионатынан соң боксшыны танып жатқан жанкүйерлер қатары артқан.
"Көп адамның танып жатқаны өтірік емес. Суретке түсейік деп жанкүйерлер жаныңа келгенде бір марқайып қалады екенсің. Қаншама адам қоңырау шалып, хабарлама жазып, құттықтап жатыр. Әрбірін оқып, әрбіріне жауап беремін. Өйткені, мен үшін қуанған жанкүйердің бәрі де ыстық. Менің ең басты мақсатымның бірі - елді, халықты қуанту еді. Босаңсып кеттім демеймін. Тойымды өткізіп алдық, бұл да бір біткен іс болды. Енді жаттығу бастайтыным анық. Себебі, алдағы маусым өте тартысты әрі қызықты өтетіні анық", - деді Сәкен Бибосынов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949632-barlyq-qiyndyqty-birge-otkerdik-bokssy-saken-bibosynov-suigen-zarymen-ara-qatynasy-turaly-aitty/