"Жеке күзеті жоқ, жұмысқа жаяу баратын": Туғанына 110 жыл толған Ұлт тұлғасы Дінмұхамед Қонаев туралы естеліктер (видео)
Жарияланған күні:
Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Даңқты тұлғаның дүниеге келгеніне 110 жыл толып отыр. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ тілшісі Дінмұхамед Қонаев туралы қызықты деректер мен естеліктерді назарларыңызға ұсынады.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылдың 12 желтоқсанында қазіргі Алматы, сол кездегі Верный қаласында өмірге келген. Ол 1930 жылы Алматыдағы №14 мектепті тәмамдап, Мәскеудегі түсті металл институтына оқуға түседі. Елге оралған соң Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішінде жұмыс істеп, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы жұмысты ұйымдастыруымен көзге түседі.
Ол 1955-1960 жылдар аралығында Қазақ КСР жоғары кеңесінің төрағасы, 1960-1986 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы қызметін атқарды. Ол 1986 жылдың 16 желтоқсанында орнынан түсіп, бұл міндетті атқару Геннадий Колбинге жүктелді.
Дінмұхамед Қонаев халық арасында қарапайымдылығымен, көпшілдігімен есте қалған. Басшының көзін көргендердің айтуынша, ол мүлде жеке күзет пайдаланбай, жұмысына жаяу жететін болған. Одан бөлек, академик атанғаны үшін берілетін 340 сомнан бас тартып, оны жас ғалымдарды қолдауға жұмсады.
"Дінмұхамед Қонаев кішіпейіл басшы есебінде танылды. Ол ертеменен Коммунистік даңғыл мен Киров көшесінің (бүгінгі Абылайхан даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесінің) қиылысындағы үш қабатты үйден шығып, ылдидағы Үкімет үйіне қарай жайбарақат жұмысқа бара жататын. Қонаев сол үйде көп жылдар бойы тұрды, тіпті, Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы болған кезінде де, қаланың орталығында үш бөлмелі пәтері бола тұра әлгі үйде тұрды. Ал басқа үйге көшкенде Қонаев пәтерін өзінің кадрлық саясатын қатты сынап жүрген жазушы Әлжаппар Әбішевке сыйға тартып кетті.
Мен де сол кезде Алматының орталығында тұрдым, менің де жұмысқа баратын жолым Коммунистік даңғылдың бойы еді. Анда-санда алдымнан жалғыз келе жатқан ұзын бойлы Қонаевтың сымбатты тұлғасын сыртынан көретінмін. Осыны айтсам, адамдар сенбейді: қалайша ол күзетсіз жүр деп. Расында да күзет қызметінің саны көбейтіліп, кім көрінген жанына күзет қаптатып жатқан уақытта мемлекеттің бірінші адамы жұмысқа жаяу және күзетсіз барады дегенге сену өте қиын.
Министрлер кеңесінің төрағасы болғанда Қонаев академик атағы үшін өзіне төленетін 340 сом шамасындағы ақыдан бас тартқанын білеміз. Бұл ақшаны ол балалар мен жас ғалымдарға көмектесу мақсатында жұмсауға бұйырды. Осындай кішіпейілділік оның туа бітті қасиеті екені көзге көрініп тұрды және жұрттың оған деген сенімін күшейтті. Оның жеке басының байлық-дәулетке қызығушылығы байқалмады.
Оның айналасындағы адамдардың арасында оны ұлықтаудан жарыс болған жоқ, есесіне олар оның көшбасшылық беделін қызғыштай қоритын, оның жетістіктеріне қылау түсірмеуге тырысатын", - деп жазды журналист Мадат Аққозин Азаттық сайтында.
Қонаев - КСРО-да жоғары лауазымға ие болған алғашқы қазақ. Сондай-ақ, қазір мұражайға айналған 200 шаршы метрлік шағын пәтерінде 24 жыл өмір сүреді. Жұбайы Зухра екеуі бала сүйе алмаса да, бауырларының балаларын қатты жақсы көрген. 1937 жылы танысқан өмірлік махаббаты Зухра Шәріпқызының қазасынан соң екі апта бойы құсалықтан үйінен шықпаған.
"Димаш Ахметұлы, өзі айтпақшы тұп-тура 50 жыл 6 ай 2 күн отасқан жұбайы Зухра Шәріпқызына деген махаббатын өмір бойы жанына жалау ғып өткен, өле-өлгенше сыйласқан. Кішіпейіл де, жайдары Зуһра Шәріпқызы "ұлықтың" әйелімін деп кергуді білмеген. Көпшілдігімен, қонақжайлығымен ағайын-туыс пен дос-жаранның көңілін таба білген. Қайын атасы Меңдіахметтің дәрет алар суына дейін жылытып беретін әдетінен бірде-бір рет жаңылмаған ибалы мінезімен ата-енесіне, еліне жаққан сыйлы келін болған.
Зухра Шәріпқызының өзіне адал жар болғанын еске алған Димекең басына қара бұлт үйірілген кездерге ой жүгірте отырып: "Есеп қызметкерлерінің табиғаты бөлек қой. Марқұм Зухраш мен таңғалған бір іс жасады. Жылдар бойы алған затының есебін жүргізіп отырыпты. Не алса да ақшасын төлеп, квитанциясын сақтап келіпті. Тіпті бағасына дейін көрсетіліп, сатып алғандығын растайтын аты-жөні мен қолын қойдырып отырыпты. Маған араша түскен ең басты құжаттар осы болды",- деген екен.
Қонаевты қазақтың ұлы тұлғалары мен шетелдік саясаткерлер де ерекше бағалаған.
"Мен бір жақсы адамдармен жекжат болған екенмін. Олай дейтінім, Димаштың туысқандарының бәрі еңбек етеді, өз күнін өздері көреді. Шетінен еңбеккор, Димашқа біреуі де салмақ салмайды. Біздің қазақтың жаман әдеті — біреуі әкім болса, "саған бақ қонды, енді бізді бағасың", — деп мойнына отырып алады. Ал, менің құдаларымда ондай әдет жоқ. Жақсы адамдармен туысқан болдым дегенім осы. Димаш, бұйырса, иісі қазаққа ортақ ұл болғалы тұр, тіл-көзден сақтасын", - деп естелік қалдырды Мұхтар Әуезов.
"Шынын айтайын, Қонаевқа тең келетін адамды көрмедім. Оған теңіздей сүйкімділік, жарқыраған даналық, таңқаларлық сана, шалқыған қайырымдылык, көңілді болмыс тән еді", - деп жазды жазушы Геннадий Толмачев.
"Көрнекті адамдар өз елінің не бағына, не сорына туады" деген ескі мақал бар. Димаш Ахметұлы болса туған елінің бағына туған адам және біздің әрқайсымыз үшін айрықша ыстық. Әсіресе ол өмірі қауіп пен қатерде жүрген адамдарға тіптен алабөтен жақын сияқты. Оның басты қасиеттері адамсүйгіштігінде, әділеттілігінде, биік адамгершілігінде, нақтылығында, істі терең білуінде. Оны өзгелерден ерекшелендіріп тұратын қасиет ғажайып даналығы болса керек. Ол өз ісі арқылы халқының шынайы сүйіспеншілігіне ие болды, оның аты өзін шексіз құрметтейтін ұрпақтарының жадында мәңгі қалды", - деп жазды Ілияс Есенберлин.
"Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым, Ол терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы", - деген АҚШ-тың 34 - президенті, 1960 жыл Дуайт Эйзенхауэр.
Бүгінде Дінмұхамед Қонаевтың атында еліміздің үлкен қалаларында көше, аудан, гүлзарлар, жоғары оқу орны мен мұражай бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1950820-zeke-kuzeti-zoq-zumysqa-zayau-baratyn-tuganyna-110-zyl-tolgan-ult-tulgasy-dinmuxamed-qonaev-turaly-estelikter-video/