"Біз ауылды ұмытып кеттік": Белгілі депутат аса өзекті мәселені көтерді

Опубликовано:

Халық қалаулысы
Фото: Facebook/Ерлан Саиров

Еліміздің халқының 1,5 миллионға жуығы кедейлер. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осылай деді. Бұл туралы халық қалаулысы әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Еліміздегі кедейлік мәселесін терең, жан-жақты шешпей саяси тұрақтылықтың ауылы алыс болары сөзсіз.

Кеше көшеге шыққан, бұзақылық жасаған азаматтардың көпшілігі біздің қандастар, көпшілігі жас балалар.

Олардың бұл жүріс-тұрысы үшін барлығымыздың (менің де) кінәміз бар. Өйткені, ол жастардың мүлдем "өмір перспективасы" жоқ. Олардың "жоғалтатын ештеңесі жоқ. Мәселе осында.

Бұл ең бірінші мемлекеттік саясаттың бұрыстығы. Біз ауылды ұмытып кеттік, ауыл мен қаланың арасындағы мәдениет, білім, қаржы деңгейіндегі теңсіздіктің нәтижесінде олар қалаға келеді. Қалада ол жастарды күтіп отырған ешкім жоқ.

Еріксіз базар, сауда орталықтарына барады. Ол жақта "тәшкі" тасып, жүк тасушы болып еңбек етеді. Жалақысы өте аз, әлеуметтік кепілдік жоқ, кредиттен кредит. Әке-шешелерінің де әлеуметтік жағдайы төмен", - деді Ерлан Саиров.

Сонымен қатар, депутат сол жастардың қаланың белгілі бір топтарының тоқ, уайым жоқ өмірін көріп, ішке ыза, ымырасыздық, кек, төзімсіздікке душар болатынын айтты.

"Дәл осы кезде олардың жолында діни экстремисттер пайда болып, идеологиялық жұмыс істейді.

Өкінішке орай, мемлекет, қоғам, біз осы тәртіпсіздікті өзіміз жасадық.

Ауыл мектептерінің білім деңгейін көтеріп, ауылдарда балаларымызды техника, ноу-хау, жаңа біліктілікке баулымасақ, бұл құбылыстан құтылу мүмкін емес.

Ауылдардың аурухана, кітапхана, интернетке қол жетімділік мәселесін шешу керек.

Ауылдарда жол мүлдем жоқ. Ауылдарға барғанда "жол азабының" не екендігін сезінерің анық.

Қалаға келген, базарларда еңбек етіп жүрген біздің жастарымызды бизнеске баулу, оларға өмір перспективасын беру бағдарламасын жасау өте маңызды", - деп сөзін қорытындылады халық қалаулысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951030-biz-auyldy-umytyp-kettik-belgili-deputat-asa-ozekti-maseleni-koterdi/