Бұрынғы қаржы министрі Жәмішев "Қазақстан халқына" қорын басқаратын болды
Жарияланған күні:
Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қоры (ҚӘҚ) құрылды. Бұрынғы қаржы министрі Болат Жәмішев аталған қорды басқарады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қоры (ҚӘҚ) құрылды.
Қор Қазақстан халқына:
- денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қосымша қамтамасыз ету мәселелері;
- төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін енгізу кезінде зардап шеккендерге;
- халықтың әлеуметтік осал топтары және осал топ балаларына спорттық инфрақұрылымның дамуы және қолжетімділігін арттыру;
- Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларына және басқа да көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу, қолдау көрсету, өзге де қайырымдылық көмек берумен айналысады.
Қорды қаржыландыру жеке көздерден, халықаралық қайырымдылық ұйымдарының қаражатынан, лотерея қызметі операторының, ставкаларды есепке алу орталығының және басқа да монополистердің міндетті аударымдарынан, ірі бизнес тарапынан тұрақты аударымдарынан, қайырымдылыққа, оның ішінде квазимемлекеттік секторға арналған қаражаттан жүзеге асырылатын болады.
Қордың Қамқоршылық кеңесі "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорының төрағасы қызметіне Болат Жәмішевтің кандидатурасын ұсынып, бірауыздан қолдады.
"Қазақстан халқына" Қорының жоғары басқару органы ретінде Қорға қатысушылардың жалпы жиналысы, бақылаушы орган ретінде Қамқоршылық кеңес, атқарушы орган болып Басқарма және бақылаушы орган болып Тексеру комиссиясы тағайындалады.
Бизнес-қоғамдастықтың өкілдері мен көмек ретінде қол ұшын созғысы келетін азаматтар "Қазақстан халқына" Қорының шотына келесі реквизиттер бойынша қаражат аудара алады:
"Қазақстан халқына" Қоғамдық Қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18, KZ97601A871001692501 KZT, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951299-buryngy-qarzy-ministri-zamisev-qazaqstan-xalqyna-qoryn-basqaratyn-boldy/