Мәжіліс депутаты елімізде "ана капиталын" енгізу туралы бастама көтерді

Опубликовано:

Сәби
Көрнекі сурет: pixabay.com

Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров "Қазақстан халқына" әлеуметтік қорының аясында елімізде "ана капиталын" енгізу туралы ұсыныс білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат жаңадан құрылған әлеуметтік қор туралы өз ойын әлеуметтік желідегі парақшасында айтты. Ол "Қазақстан халқына" қорының алдында тұрған басты бағыттарды атап өтті.

"Қазақстан халқына" әлеуметтік қорының басшылығына Болат Жәмішев келгені өте дұрыс. Қорға ірі бизнесмендер қомақты қаржы құйып та жатыр. Дегенмен, еліміздегі кедейлік мәселесімен күрестің өзі көп қаржыны талап етеді. Жастарымызды, әсіресе ауыл жастарын әлеуметтендіру өте терең проблема. Осыған көңіл аударған абзал. Елімізде демографиялық жағдайды шапшаңдату өте маңызды. Осы тұрғыда, әлеуметтік қор аясында, Қазақстан "Ана капиталын" енгізуді ұсынамын", - деп жазды Ерлан Саиров.

Депуттаттың сөзінше, "ана капиталы" еліміздің демографиясына түрткі бола отырып, көпбалалы жанұяларды әлеуметтік қорғаудың инструменті болады.

"Бұл үшін қорға жүйелі түрде қаржы түсіп, ол қаржы ұқыпты жұмсалуы тиіс. Мұнайдан түскен қаржының бір бөлігін осы қорға жіберуді ұсынамын. Қор жұртшылықтың ашық бақылауында болуы керек. Қордың қаржысын салатын қаржы инструменттерінің өзі ашық талқылаудан өтуі тиіс", - дейді депутат.

Айта кетейік, бүгін "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесіне кімдер кіргені анықталды. Юрий Пя Қамқоршылық кеңестің төрағасы қызметін атқаратын болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951346-mazilis-deputaty-elimizde-ana-kapitalyn-engizu-turaly-bastama-koterdi/