Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде ондаған адамды аман алып қалған жігіт туралы не білеміз

Опубликовано:

Дамир Аманжолов
Дамир Аманжолов. Кадр: YouTube/Baitassov Live

Алматыда орын алған жаппай тәртіпсіздіктердің басы-қасында болып, болған жайттарды өз көзімен көрген куәгер Дамир Аманжолов басынан кешкендерін баяндап берді. Ол қаладағы әкімдіктің жертөлесіне тығылған қырыққа жуық курсанттың өміріне араша түсіп, көшеде ес-түзсіз жатқан қарапайым адамдарды құтқаруға барын салған. Көрген-білгенін видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеген Дамир журналист Арманжан Байтасовқа сұхбат берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Дамир Аманжолов есімді жас кәсіпкер - 4-5 қаңтар күндері Алматыдағы дүрбелеңде көптеген жанды ажалдан арашалап қалуға барын салғандардың бірі.

Ол мегаполистегі "қанды қырғын" мен бейберекетсіздікті өз көзімен көріп, көрген-білгені туралы қоғамға ашық айтуды жөн көрген.

Дамир жанына өзі секілді жандарды топтастыра отырып, дүкендерді тонаған бұзақыларға тосқауыл болып, көптеген адамның өмірін сақтап қалуға септігін тигізген.

Жаппай толқулар басталған кезде қаладағы жағдай қандай болғанын әңгімелеп берген ол бірқатар жайттың басын ашты.

"Алматыдағы митингтер 4 қаңтар күні кешке басталып, түні бойы жалғасты. Түні бойы мен желіден ақпараттарды қадағалап отырдым. Адамдар тобы "Алматы Аренадан" Саин көшесіне, одан ары Республика алаңына қарай қозғала бастады. Мен ол кезде үйде болдым, себебі митингтерді қолдамайтын адаммын. Сол кезде бейбіт шеру басқа бір қорқынышты жайтқа ұласатыны сезіліп тұрды. Себебі желіде бір адамды топ адам ұрып жатқан видеолардан ер-азаматқа жат әрекеттер орын ала бастағанын көрдік. Мұны арандатушылардың әрекеті деп бағалар едім.

Әрине, бейбіт шеруге нақты талаптары бар адамдар шықты. Бірақ арасында арандатушылар болды. 5 қаңтар күні түні бойы көз ілмедім, таңға жуық телеграм-каналға шерушілер алаңды басып алғаны, әкімдікті қорғауға 35-ші бригада келгенін оқыдым.

Мен өзім бұрын әскери міндетімді дәл сол бригадада атқарғам. Онда менің таныстарым бар екенін түсіндім. Сол кезде-ақ алаңға шамамен 5 мыңнан астам адам жиналып үлгерген. Басында мән бермедім, бірақ бірнеше сағаттан соң әкімдікті басып алу әрекеттері орын алғанын, әкімдіктен түтін шыға бастағанын естідім. Сол кезде бару керектігін түсіндім.

Ол кезде әкімдіктің 1-ші, 2-ші қабаты өртене бастады. Осында айта кететін бір жайт, әкімдікті басып алғандар бұзақылар болды. Ал бейбіт шерушілер алаңдағы "Алтын адам" монументі маңында болды. Олар соңына дейін сонда тұрды, олар бұзақылық жасаған жоқ, олар ешкімге тиіскен жоқ.
Олар сонда тұрып, тек қана өз талаптарын қойды. Алаңға өрт сөндіру көліктерін, инкассатор көліктерін әкеліп, өртей бастаған кезде ол кісілер алаңды сыпырып, тазалаумен айналысты. Жастар бұзақылық жасамаңдар, қаланы бұзбаңдар, сендер ол үшін шыққан жоқсыңдар деп ақыл айтумен болды. Бірақ олар аз еді", - дейді ол.

Дамирдің айтуынша, жиналған жұрт арандатушылардың айтқанына тез еріп кетіп жатты. Ол адамдардың арасында бір емес, бірнеше арандатушылар тобы әрекет еткенін байқаған.

"Адамдардың арасында тек қана бұзақылық жасауға арнайы келгендер, кейбірі жай ғана көргісі келіп қызықтап келгендер, үшіншілері алаңға жолы түсіп қалғандар болды дер едім. Оны қайдан білдім, себебі көбі жай ғана видеоға түсіріп, кетіп жатты. Суретке түсіп кетіп жатқандар болды. Әйелдерімен келгендер де болды. Әйелдер өте көп болды. Кімге қосыларын білмегендер болды. Қандай да бір қозғалыстың адамдары да болды. Бірақ шын қауіп төнген кезде олардың көбі болған жоқ", - дейді ол.

Сонымен бірге, Аманжолов қала дүкендерін тонап кеткен қарапайым халық туралы да айта кетті. Ол дүкендердегі азық-түлікті тонауға жасы елу-алпыстардағы егде тартқан кісілер қатысқанына куә болыпты.

"Мен ондай кісілер туралы не айтарымды да білмеймін. Алаңға жақын азық-түліктер дүкендерде жасы шамамен елуден асқан ер адамдар, әжелер де болды. Мен оларға "ұрлап жатырсыздар ма?" деп айта алмадым. Бұл біріншіден үлкендерге де құрмет, екіншіден, олар өз өмірін қатерге тіге отырып, аса қажет азық-түлікті алуға шыққан. Олардың не алғанын көрдім. Кассалық аппараттарды тонау үшін, не болмаса басқа заттарды, компьютерлерді алу үшін емес, макарон, нан алып жатты. Оларды да қазір "тонаушылар" деп атап жатыр, бірақ мен оларды сөккім келмейді. Олар бұған жақсы өмірден барған жоқ. Шарасыздықтан барды. Біздің елімізде ондай тұрғындар бар екенін білеміз", - деді ол.

Дамир Аманжолов дәл сол күні 19-20 жастағы жас курсанттарды өртеп жібермек болғандарды райынан қайтарып, әкімдік жертөлесіне жасырынған 40-тан астам әскериді ажалдан арашалап алған. Ол жағдайға бей-жай қарамай, жанашырлық танытқан жандарды жанына топтастыра жүріп, әскерилердің киімін шешіп, орнына қарапайым адамдардың киімін кигізген. Одан бөлек, ол әкімдік ғимаратында қалып қойған қызметкерлердің де үшінші қабаттан секіруге мәжбүр болғанын өз көзімен көріп, шамамен үш қызметкердің киімін ауыстыруға көмектесіпті. Сонымен бірге, ес-түзсіз жатқан адамдарға реанимациялық шаралар жасау арқылы, есін жинауға сеп болған.

Бүгінде үш баланың әкесі Дамир бұл ісін ерлік деп санамайды. Ол өзін көмек сұрап жалбарынған жандарға Жаратқанның өзі жібергеніне сенімді. Ержүрек жігіт өзінен басқа көптеген қала тұрғындары жазықсыз жандарды құтқаруға атсалысқанын атап өтеді. Айтуынша, ереуілшілерді сабырға шақырып, сабасына түсіргендер қатарында орта жастағы әйелдер көп болған.

"Мені марапаттау керек деп жатыр көбі. Бірақ, Алматының мейірімді тұрғындарына да алғыс айту керек. Олар да өз басын қатерге тіге жүріп, қаншама жанды құтқарды. Міне, соларды марапаттау керек", - дейді Аманжолов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951495-almatydagy-tartipsizdik-kezinde-ondagan-adamdy-aman-alyp-qalgan-zigit-turaly-ne-bilemiz/

pixel