"Құдай жібергендей": Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде жарақат алған тұрғынды арнайы жасақ құтқарып қалған
Жарияланған күні:
Алматылық тұрғын Шолпан Бегайдарова өзін өлімнен арашалап қалған полиция қызметкерлеріне алғыс айтты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шолпан Бегайдарованың айтуынша, кешкі уақытта Назарбаев пен Абай даңғылдарының қиылысында оның көлігіне әлдекімдер оқ жаудырған.
Жарақат алған ол көмек сұрай бастаған.
"Сол кезде көктен құдай жібергендей біздің жігіттер пайда болды. ОМОН немесе арнайы жасақ өкілдері. Олар мені тез көтеріп, шағын автобусқа отырғызды. Ол жерде менің қолымнан ұстап, есімді жиғызып, сөйлесіп отырған бір жігіт бар еді. Ол маған қазақшалап "өмір сүресің" деді. Олардың түр-әлпеті есімде қалмады, барлығы бетперде, бас киім киіп алған. Олар қажетті уақытта керек жерде пайда болды. Олар болмаса, көлікте қиналып өлуім мүмкін еді", – дейді Шолпан.
Ал кейін белгілі болғандай Шолпанды құтқарған жігіттер полицияның арнайы жасағының қызметкерлері болып шыққан.
Қызмет командирі сол күнгі оқиғаның қалай болғанын баяндады. Айтуынша, олар топ болып Абай даңғылының бойымен батыс бағытта келе жатып, көшенің арғы бетінде қаптаған адамды байқаған.
"Басында тонаушылар жиналып, көліктегі адамдарды тонамақшы деп ойладық. Жақындап келгенде, жарақат алған қызды көрдік, ол өз көлігінде қансырап жатты. Ең алдымен таңғышты байлап, қанды тоқтаттық. Тез әрекет ету керек болды. Уақытты босқа өткізбей, өзіміз жақын маңдағы ауруханаға жеткіздік. Осы күнге дейін оның жағдайы қалай екен деген сұрақпен жүрдік. Бүгін қыздың ауруханадан шыққанын және оның жазылып келе жатқанын білдік. Шын жүректен қуаныштымыз. Шолпанның тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз", – дейді полиция қызметкері.
Сонымен қатар, Шолпан Бегайдарова арнайы жасақ өкілдері көлігінің есігін жауып, сигнал беру жүйесін қосып кеткенін де атап өтті.
"Олар қатты көмектесті. Үлкен рақмет!", – дейді алматылық тұрғын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951601-qudai-zibergendei-almatydagy-zappai-tartipsizdik-kezinde-zaraqat-algan-turgyndy-arnaiy-zasaq-qutqaryp-qalgan/