Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әлі керек болатынымызды айттық": Қызметкерлер Алматыдағы кардиоорталықты қалай қорғап қалған

Жарияланған күні:

Алмат Қодасбаев
Алмат Қодасбаев. Видеодан кадр: Алматы телеарнасы

Алматы қалалық кардиология орталығының мамандары террористік шабуыл кезінде аурухананы қалай қорғап қалғандарын айтты. 5 қаңтар күні қаруланған топ мекемені басып алуға және қызметкерлерді өз қатарларына қосуға тырысқан. Алайда ақ халаттылар бұзақылармен келіссөз жүргізіп, олардың жараланған сыбайластарына көмек көрсеткен, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, сол күні орталықта 130-дан астам пациент болған, олардың кейбіріне жоспар бойынша ота жасалуы тиіс еді.

Алайда Төле би көшесінің бойымен кетіп бара жатқан бұзақылар аурухана ғимаратына да баса-көктеп кірген. Олардың басты мақсаты - дәрігерлерді өз қатарларына қосу болған.

"Түнге қарай аурухана аумағына мемлекеттік нөмірі жоқ бірнеше автокөлік кірді. Олардың бәрі мұздай қаруланған және жараланғандарға медициналық көмек көрсетуді талап етіп, дәрігерлерге қысым көрсетті. Өздерімен бірге жедел жәрдем көлігін алып кетуге тырысты. Бірақ біз оларға мұның аурухана екенін, біз оларға әлі де қажет болатынымызды түсіндірдік", - дейді кардиологиялық орталықтың директоры Алмат Қодасбаев.

Кардиологиялық орталықтың қабылдау бөлімінің кезекші дәрігері Алмас Темірбаевтың айтуынша, бұзақылар атып тастайтынын айтып қорқытқан.

"Менің кезекшілігімде бірнеше ер адам біздің ғимаратқа баса-көктеп кірді. Олар менің басыма қару тақап, "атып тастаймыз" деп қорқытты. Өте қиын болды, бірақ мен оларға ешқандай кінәм жоқ екенін айтып, сабырға шақыруға тырыстым", - дейді ол.

Телеарнаның хабарлауынша, жаралылардың жағдайын ескере отырып, орталық дәрігерлері оларды қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына ауыстырған.

Алмат Қодасбаевтың сөзінше, бұзақылар өзінің аты-жөнін айтпай, өздерін барынша агрессивті ұстап, қызметкерлерге қоқан-лоқы жасаған. Дегенмен дәрігерлер көмек қажет болған адамның бәріне қол ұшын берген.

"Шерушілер мұның аурухана екеніне қарамады. Олар қиратып, есік-терезелерді сындырып, оқ атты. Ғимаратта қиян-кескі ұрыс болды. Бұл 5 қаңтардан 6 қаңтарға дейін созылды. Қауіп-қатерге қарамастан, біздің дәрігерлер жұмысын жалғастырып, пациенттерге көмек көрсетті. Біз еш аянбастан әрбір жаралыға көмек көрсетуге тырыстық", - дейді Алмат Қодасбаев.  

Қазір кардиологиялық орталық штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Матераил авторы: Аянрафи Нарикбаева, Қасымхан Бекен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952248-ali-de-kerek-bolatynymyzdy-aittyq-almatydagy-kardioortalyq-qyzmetkerleri-buzaqylarga-qalai-toitarys-berdi/