Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістанда журналисті өлтіруге тапсырыс берген тұрғын киллерге қанша млн теңге төлеген

Опубликовано:

суық қару
Көрнекі фото: pexel.com

Түркістан облысының полициясы журналиске жасалған қастандық туралы істің мән-жайын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін әлеуметтік желіде 2022 жылдың 3 қаңтарында Түркістан облысы Сарыағаш ауданында танымал журналистің үйіне шабуыл жасалғаны, оқиға кезінде оның ұлы жараланғаны хабарланды.

Сол күні тәртіп сақшылары бұл фактіні тіркеп, қылмыстық кодекстің 24, 99 баптары "Адам өлтіруге оқталу" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбековтің сөзінше, қылмысты ашуда бірқатар нұсқаны негізге алған.

"Журналистің кәсіби қызметіне байланысты осы қылмыстың жасалуы мүмкін екені де ескерілді. Кейіннен осы нұсқа расталды", - деді ол.

Қайрат Дәлбеков іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының екі тұрғыны ұсталғанын растады.

Полиция департаменті басшысының сөзінше, күдікке ілінгендер оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен.

"Содан кейін полиция қызметкерлері делдалдар мен қылмысты тапсырыс берушілерге шықты. Бүгінгі таңда біз осы қылмысқа қатысы бар 5 күдіктіні ұстадық. Заттай айғақ ретінде олардан ВАЗ маркалы 2 автокөлік тәркіленді. Қылмысты орындаушылар бұл автокөліктерді қылмысты жасағаны үшін алған ақшаға сатып алған. Сонымен қатар олардан 16 калибрлі патрондар тәркіленді", - деді ол.

Қайрат Дәлбеков қылмысқа Сарыағаш ауданы тұрғындарының бірі тапсырыс бергенін алға тартты. Оның аты-жөні аталған жоқ.

"Ол журналистің өмірін 5 000 000 теңгеге бағалаған. Қылмысты орындаушылар ізін жасыру мақсатында тапсырысты орындап, Сарыағаш ауданынан Шардараға, содан соң Арыс арқылы Шымкентке жеткен", - деді ведомство басшысы.

Қазір тергеу тобы тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстың себебі мен барлық мән-жайы анықталады.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1952398-turkistanda-zurnalisti-oltiruge-tapsyrys-bergen-turgyn-killerge-qansa-mln-tenge-tolegen/

pixel