Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында оқушыны таспен ұрып өлтірді деген күдікпен 21 жастағы жігіт ұсталды

Опубликовано:

Қолынан кісен салынған ер адам
Көрнекі фото: piqsels.com

Алматы облысында 16 жастағы мектеп оқушысын таспен ұрып өлтірді деген күдікпен 21 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сүйенсек, 7 қаңтарда Қарасай аудандық полиция бөліміне Жібек жолы ауылында жасөспірімнің мәйіті табылғаны туралы хабар түскен. Оның денесінде жарақат іздері болған. Сараптамаға сәйкес, марқұмды жолдың жиегінде жатқан таспен өлтірген.

Полицейлер 16 жастағы мектеп оқушысының Балқаш ауданындағы Бақбақты ауылында тұрғанын анықтады. Ол жылдың басында Алматыдағы достарына барып, хабар-ошарсыз кеткен. Тергеушілер жасөспіріммен араласқан адамдардың бәрін тексеріп шыққан. Сол кезде қандықол қылмыскердің ізіне түскен.

"Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 21 жастағы ер адам ұсталды. Ол - марқұмның танысы. Тергеу кезінде өз кінәсін мойындады", - дейді полицейлер.

Күдікті ер адам да Балқаш ауданында туған. Соңғы кезде Алматыға жақын жерде жеке меншік ұйымның күзетшісі болып істеген. Екеуі кездесіп, ішімдік ішкен. Одан кейін жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан. Сол кезде ол тасты алып, жасөспірімнің басынан ұрған. Қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біліп, оқиға орнынан қашып кеткен.

Қазіргі кезде ол уақытша тергеу абақтысына қамалды. Сотқа дейінгі тексеріс шаралары жалғасып жатыр. Бұл істі облыстық полиция департаменті өз бақылауына алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1952445-almaty-oblysynda-oqusyny-taspen-uryp-oltirdi-degen-kudikpen-21-zastagy-zigit-ustaldy/

pixel