Павлодар облысында заңсыз митингке шыққан 206 адам әкімшілік жауапқа тартылды
Жарияланған күні:
Павлодар облысында рұқсат етілмеген митингке шыққаны үшін 206 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облыстық әкімдігінің ғимаратына шабуыл жасау фактісімен үш қылмыстық іске сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Бір адамға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Кейіннен қылмыстық істің тергеуі Павлодар облысы бойынша ҰҚКД-ға берілді.
Заңсыз митингке шыққандардың облыс әкімдігіне келтірілген шығыны екі млн теңгеден асқан. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар мен құқық қорғау саласының қызметкерлері арасында қаза тапқандар жоқ.
Тәртіп сақшылары облыс аумағында дүкендерді тонауға, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ұрлауға, шағын және орта бизнес объектілерін жою және бүлдіруге жол берілмегенін мәлімдеді.
Осы орайда, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабы бойынша заңсыз митингке шыққан 206 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оның ішінде 180 адам әкімшілік қамауға алынды және сегіз тұрғынға айыппұл салынды.
Төтенше жағдай кезінде коменданттық сағат режимін бұзғаны үшін 5-13 қаңтар аралығында 813 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде 206 тәртіп бұзушы әкімшілік қамауға алынды, 251 адамға айыппұл салынды, 565 тұрғынға ескерту жасалды.
Сонымен қатар, 682 адаммен профилактикалық әңгіме жүргізілген соң үйлеріне жіберілгені белгілі болды.
"Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде жүргізілді. Ұсталғандардың барлығына білікті қорғаушылар берілді. Азаматтардан жүргізіліп жатқан тергеу және жедел алдын алу іс-шараларына түсіністікпен қарауды, тыныштықты сақтауды және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз", – деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953320-pavlodar-oblysynda-zansyz-mitinge-syqqan-206-adam-akimsilik-zauapqa-tartyldy/