Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Арманы көп еді": Алматы облысында жол апатынан көз жұмған қыздың ата-анасы тергеудің әділ өтуін талап етті

Жарияланған күні:

Лаураның жақындары
Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Алматы облысында жол апатынан ажал құшқан 19 жастағы Лаура Әділжанованың туыстары тергеу толыққанды жүретініне күмән келтіреді. Өйткені қайғылы жағдай полиция қызметкерінің қатысуымен болған. Марқұмның туыстары мас күйінде көлігімен жүйіткіген тәртіп сақшысы оқиға орнынан қашып кеткенін айтады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, 23 қаңтарда полиция капитаны тізгіндеген жол талғамайтын машина қарсы бағытқа шығып, ішінде жолаушылары бар такси көлігімен соқтығысқан.

Соның салдарынан үш адам түрлі жарақат алып, бойжеткен оқиға орнында жан тапсырды. Ал қамауға алынған күдікті дереу Ішкі Істер органынан шығарылған.  

Лаураның анасының айтуынша, киім алу үшін қалаға шыққан бойжеткен соңғы ет анасына "таксиде келе жатырмын" деп қоңырау шалған.

"Жетіде таксиге отырдым деді. 7.40-та такси енді жүрді деп айтты. Не үшін көп тұрдың деп едім. Адам жинады деді. Бір уақытта телефон шырылдады. Алсам, басқа адам хабарласып тұр. Қызыңыз апатқа түсіп қалды, келесіз бе деп. Қызым артында отырған", - дейді марқұмның анасы Күләш Кәрібаева.

Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 3-курс студенті оқуында озат, ортасында сыйлы болған дейді жақындары. Бос уақытында қолына қылқалам ұстап, сурет салуды жаны сүйетін бойжеткеннің қыршыннан қиылғаны әке-шешесінің жанына батады.

"Папа, мен лидермін деп келетін. Міне, міне шетелге жіберемін. Группаңнан адам жиналсыншы. "Биыл барасың, қызым" деп мен уәде бергем. Арманы көп болған. Төрт тілді толық білетін. Өз адам еңбегімен жүрген. Аяқ асты осылай кетті. Кешірім деген әңгіме жоқ. Құдайдан кешірім болар. Мен соңына дейін барамын", - деді марқұмның әкесі Майлыбай Маттанаев.  

Қазір аталған жайтқа қатысты "абайсызда адам өлтіру" және "жол апаты болған жерден кетіп қалу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

"Аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, 24 қаңтарда тәртіптік комиссияның шешімімен полиция беделін түсіргені үшін күдікті ішкі істер органдарынан босатылды. Жол-көлік оқиғасына қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі және 347-бабы бойынша қылмысты іс қозғалды. Күдіктіден қан алынып, сот химикалық-таксикологиялық сараптама тағайындалды", - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Қара жамылған отбасы кінәлі адам жазадан құтылып кете ме деп қауіптеніп, тергеудің әділ өтуін талап етуде.

Дереккөз: КТК телеарнасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1953391-armany-kop-edi-almaty-oblysynda-zol-apatynan-koz-zumgan-19-zastagy-qyzdyn-ata-anasy-tergeudin-adil-otuin-talap-etti/