"Шамалғандағы көпірге екі қолымен көтерілген": Спорт трюктарын шебер орындайтын 10 жастағы оқушы арманын айтты

Опубликовано:

Әли акробат
Фото: Әли Досманның жеке мұрағатынан

Алматы облысы, Шамалған станциясында тұратын Әли Досман есімді жас спортшы түрлі акробатикалық трюктарды шебер орындап, желі қолданушыларын таңғалдырып келеді. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі жасөспірімнен сұхбат алып, арман-мақсаттары жайлы сұрады.

Әли Досман жұртшылыққа Шамалғандағы жаяу жүргіншілерге арналған көпірге екі қолымен көтерілген видеодан кейін таныла бастады.

Ол бүгінгі таңда - "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының мүшесі. Өзі оқу озаты. Ал спортқа бес жасынан қызыға бастаған.

Әли акробат
Видеодан кадр: Әли Досманның жеке мұрағатынан

"Кішкентайымнан спортты жақсы көремін. Ал жаттығулардың жасау жолын бастапқыда анам Youtube желісінен қарап үйретті. Анам спортшы емес, бірақ қызығушылығы бар. Қазір мен бокс және дзюдо секцияларына қатысып жүрмін", - дейді Әли Досман.

Жеткіншек күн тәртібін қатаң ұстап, сабаққа да, жаттығуларына да бірдей үлгеріп жүргенін айтады.

Айта кетерлігі, Әли үйінің бір бұрышын жаттығу залына айналдырған. Ол үй жағдайында жасап жүрген трюктарында спорттық құралдардан бөлек тұрмыстық заттарды да қолданады.

Әлидің желіде танымал болған акробатикалық жаттығулары көп. Мысалы, мына бір видеосында Әли өзінің 14 жастағы ағасын арқалап, жерден кеудесін 40 рет көтере алатындығын тескеріп көрген.

Тағы бір жаттығуында жас акробат бірінің үстіне бірі қойылған жеті кірпішке жерден "төрт аяқтап" серпіле секіреді.

Ол сондай-ақ атақты спортшы акробаттардың трюктарын сол қалпында қайталай алатынын көрсетіп те жүр.

10 жасар шамалғандық Әлидің арманы бірнеше спорт түрінен Олимпиада чемпионы атанып, әлемдік ареналарда қазақ елінің атын аспандату.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1954168-samalgandagy-kopirge-eki-qolymen-koterilgen-sport-tryuktaryn-seber-oryndaityn-10-zastagy-oqusy-zaily-ne-bilemiz/