Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Олар бізді таңғалдырады": Мұхтар Жәкішев ауыл тұрғындарымен болған кикілжіңді қалай шешкен (видео)

Жарияланған күні:

Мұхтар Жәкішев
Мұхтар Жәкішев. Кадр: YouTube/Baitassov Live

"Қазатомпром" Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, кәсіпкер Мұхтар Жәкішев еліміздегі "Қаралы қаңтар" оқиғасына пікір білдірді. Журналист Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында ол халықтың наразылығын шешуге қатысты басынан өткерген жайттармен бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мұхтар Жәкішев жыл басында елде орын алған толқулардың себептері мен салдары туралы әңгіме қозғап, бұған қатысты өзінің ойын жеткізді. Кәсіпкердің айтуынша, ол 2007 жылы "Қазатомпром" Ұлттық компаниясына басшылық еткен кезде ауылдықтардың, нақтырақ айтқанда ауыл бұзақыларының наразылығымен күрескен. Бұл күрестің нәтижесі қалай болғанын және ауыл тыныштығын қалай сақтап қалғанын ол сұхбатында айтып берді.

"2007 жылы жазда "Қазатомпромда" жүргенімде бір кикілжің болды. Бұл жайтты әлеуметтік эксперимент деп қарастыруға болатын сияқты. Шетелде, Еуропада болуы керек, іссапармен жүр едім, сол жақтың уақыты бойынша таңғы төртте телефоным шыр етті.

Жұмыстан әріптестерім хабарласып тұр екен. Олар салынып жатқан кен орнында (Қызылорда облысында жапондықтармен бірге салынып жатқан) төбелес болғанын, кен орнына жақын орналасқан ауыл тұрғындары (Байкенже ауылының) келіп вагондарымызды өртеп, зауыт құрылысына зақым келтіргенін айтты. "Полиция шақырып, төбелес қатысушыларының барлығын ұстадық. Енді шара қабылдамақпыз", деді.

Мен олардың кім екенін, неге олай жасағанын сұрап едім, олар - маргиналдар (яғни, ауылдың қараңғы халқы), ішіп алып, осындай бұзақылық жасағандар деген жауап естідім.

Ары қарай мен жергілікті полиция бастығымен сөйлестім. Ол бүкіл облыстағы қылмыстық топтар осы кісілермен байланысты дегенді айтты. "Бұл маргиналды ауыл, қазір қатаң шара қабылдамасаңыз, мұндай жайт үнемі болып отырады. Бұл халықаралық, өте қауіпті кәсіпорын. мұнда уран бар. Сол үшін шаралар да тиісінше қатаң болмаса болмайды", деді. Мен әріптестерімнен енді не істейсіңдер деп сұрадым.

"Қатаң сот жасаймыз, ауылдың халқын жинап алып, төбелес ашқандарды соттатамыз. Түрмеге қамаймыз. Мұны көрген келесі ұрпақ біздің нысандарға шабуыл жасамас бұрын, мың мәрте ойланатын болады", - дейді.

Алайда Жәкішев әріптестерінің бұл сөзін құптамағанын айтады. Айтуынша, ол халыққа қарай қадам жасауды ұсынған.

"Сенің айтып тұрғаныңмен келісер едім, бірақ кикілжің жасаған Марс тұрғындары емес, өзіміздің халық. Бізде олардан басқан ұлт жоқ. Біз ұлттық компаниямыз. Бұл рудниктің құрылысы халық үшін басталып жатыр ғой. Халық соны түсінбей отыр. Сол үшін олар түсінетіндей бір шешім табу қажет. Бұл - олардың емес, біздің проблема. Екі сағаттан кейін басқа шешім айт" дедім", - деп баяндады ол.

Нәтижесінде, Жәкішевтің нұсқауымен әріптестері ауыл ақсақалдарын жинап, олардан жастар енді төбелес ашпайды, ештеңені қиратып, өртемейді деген уәде алынып, компания өкілдері өз кезегінде ауылға балабақша, спорт кешенін салып, апаттық жағдайда тұрған мектепті жөндеп берген. Одан бөлек, ауыз су жүргізіліп, ауыл тұрғындарының басым бөлігін зауытқа жұмысқа тартқан. Қажет жағдайда, оларды арнайы техникалық оқу орнында оқытып, жұмысқа алған.

Бұл ретте, жергілікті ауыл тұрғындарының көзін ашу басты мақсатымыз болды, дейді кәсіпкер.

"Балаларды тәрбиелеп, білім беріп, кейін олар тек қара жұмысқа ғана емес, инженер ретінде де қызмет істейтіндей жасауымыз керек болды. Жуырда мен оларға хабарласып, жағдай қандай екенін сұрадым. Ауылдың жағдайы дәл біз ойлағандай жақсы жағына дамыпты", - деді ол.

Жәкішевтің айтуынша, 2009 жылы кен орнының ашылуына шет мемлекеттерден, оның ішінде Жапониядан да белді тұлғалар келген. Сол кезде ол әлемге әйгілі "Toshiba" компаниясының басшысы зауыттағы қазақ жұмысшысының жұмысына адалдығын көріп таңғалғанын айтты.

"Ол кісі маған былай деді: жапон мен қазақтың жұмыскерлері бір-біріне қатты ұқсайды екен. Жаңа өтіп бара жатқан жүк көлігі қабырғаға лай шашып кетіп еді, оны екінші жұмысшы келіп, лезде сүртіп жатыр. Бұндай әлемнің басқа еш жерінде жоқ. Америкада да, Еуропада да мұндайды көрмейсіз. Бұндайды жапондар ғана істейді деп ойлайтын ем, қазақтар да сөйтеді екен ғой" деді.

Ал жаңағы қабырғаны сүртіп жүрген Байкенженің екі жыл бұрын маргинал, түрмеге қамау керек, қолынан ештеңе келмейді деген баға берген жігіті еді. Араға екі жыл салып, ол "Тошибаның" бастығынан осындай жылы сөз естіді. Мен баяғы әріптесіме қарап: "Көрдің бе? Сен кезінде ол жігіттердің болашағы жоқ деп едің", - дедім", - деп бөлісті ол.

Жәкішевтің айтуынша, бүгінде осылай төмендетіп, маргиналды қоғам деп айтылып жүрген адамдарды да өзгертуге болады. Ол үшін оларға мүмкіндік жасау керек.

"Ол адамдар өзгеріп, бізді әлі таңғалдыра алады, біз оларды айтып әлі мақтануымыз да мүмкін. Бұл үшін оларға мүмкіндік беру керек", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1954180-olar-bizdi-ali-tangaldyrady-muxtar-zakisev-auyl-turgyndarymen-bolgan-kikilzindi-qalai-seskenin-aitty-video/