Елорданың бас санитарлық дәрігері қала тұрғындарына үндеу жасады

Опубликовано:

Сархат Бейсенова
Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты

Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова коронавирус індетіне байланысты қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Осы жылдың басынан бері елордада коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай аса күрделі болып отыр. Тұрақтану үрдісіне қарамастан науқастарды тіркеу жоғары деңгейде қалуда, тек бір тәулік ішінде 822 расталған жағдай тіркелді. Ал 2022 жылдың басынан бастап 79 494 жағдай тіркелді, бұл жалпы Қазақстан Республикасы бойынша барлық тіркелген жағдайлардың 45%-ын құрайды.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 21 қаңтардағы тапсырмаларын іске асыру мақсатында ВАК-та бизнес субъектілері үшін шектеулерді жеңілдету түрлері қаралып мақұлданған болатын. Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің 2022 жылғы 1 ақпандағы № 3 Қаулысы қабылданды.

Онда енгізілген өзгерістерге сәйкес қала қай аймақта орналасқанына қарамастан, келушілер мен барлық персоналда "жасыл" статус болған жағдайда Ashyq жобасына қатысушы мына нысандарда шектеусіз қызмет етуге рұқсат етіледі: СОО, сауда үйлері мен сауда желілері, бассейндер, марафондар, көрмелер, караоке, діни объектілер. Бұл естелік, салтанатты іс-шараларға, конференцияларға, форумдарға да қатысты.

Ал мына нысандар "көк" және "жасыл" статус иелеріне кіру рұқсат етілгендіктен шектеулермен жұмыс істейді: театрлар, кинотеатрлар, океанариумдар, бильярд, компьютерлік клубтар, лотерея клубтары, букмекерлік кеңселер, ЖОО-лар, колледждер, орта білім беру ұйымдары, қоғамдық тамақтану нысандары. Елорданың «қызыл» аймақта орналасқандығын ескере отырып, критерийлерге сәйкес, балаларды сауықтыру орталықтары, театрлар, океанариумдар, бильярд бөлмелері, боулингтер, цирктер, мейрамханалар, кафелер, кинотеатрлар сыйымдылығы 60% дейін жұмыс істеуге құқылы.

Айта кетейік, пандемия кезеңінде бизнестің барлық салаларында мұндай карантиндік жеңілдету шаралары әлі де болған жоқ. Бұл бизнестің белгіленген қауіпсіз жұмыс алгоритмін орындауға деген ерекше жауапкершілігін, сенімі мен міндеттемесін жүктейді.

"Бұл ретте, елорданың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұтынушымен тікелей байланыста болатын бизнес субъектілерін бәсеңсімеуге шақырамыз. Себебі, жазылып шыққан адам қайтадан вирустың тасымалдаушысы бола алады. Ал бұл – алдын-алу шараларын сақтау, бетперде тағу, ара қашықтықты сақтау, қолды дезинфекциялау. Мұның бәрі өзі үшін ғана емес, айналасындағы жандар үшін де маңызды. Дегенмен, мұны бәрі бірдей түсіне бермейді", - дейді Сархат Бейсенова.

Қаңтар айының өзінде «Ashyq» жобасына қатысушы нысандарда үй карантинін бұзған 3910 келуші анықталды: 3837 келуші «қызыл», ал 73 адам «сары» статусқа ие.

"Пандемияны жеңу үшін кез келген адам жасай алатын маңызды үлес – карантиндік шараларды қатаң сақтау және әлеуметтік жауапкершіліктің максималды деңгейін көрсету. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ең бастысы, коронавирустың таралуын болдырмаудың сенімді әдісі вакцинация және ұжымдық иммунитетті қалыптастыру болып саналады. Жалғыз, әрі тиімді әдіс – вакцинация мен ревакцинациядан өткендердің қатарына қосылу. Сіздің бүгінгі жасаған сенімді әрекетіңіз – ертеңгі күні салауатты ұлттың кепілі болмақ. Тек осылай ғана біз өз кәсіпорындарымызды сақтай аламыз. Басқалардың өмірі мен денсаулығын сақтайық, пандемияның таралуын тоқтатайық", - деді елорданың бас санитарлық дәрігері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1954309-elordanyn-bas-sanitarlyq-darigeri-qala-turgyndaryna-undeu-zasady/