"Менің Сашамды асырап алыңызшы": 45 жыл бұрын вокзалдан табылған тастанды бала Өскеменнен туғандарын іздейді
Жарияланған күні:
Беларусь тұрғыны Дмитрийді ата-анасы осыдан 45 жыл бұрын асырап алған. Алайда ол осы уақытқа дейін өзі туралы шындықты білмей келген. Асырап алған әкесі хал үстінде жатып, оны 1977 жылы Өскемендегі балалар үйінен алып, бауырына басқанын жеткізіпті. Бүгінде 46 жастағы ер адам Қазақстаннан өзінің туған-туыстарын іздейді, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Бұл туралы Пушкин атындағы кітапхананың анықтама-библиографиялық қызмет орталығының жетекшісі Меруерт Кемешева айтып берді.
Айтуынша, бірнеше күн бұрын мекемеге Минскіден қоңырау түскен. Қоңырау шалған әйел оған ерекше оқиғаны баяндапты. Жарымның хал үстінде жатқан ата-анасы оны 1977 жылы Өскеменнен асырап алғанын айтып, таңғалдырды, дейді ол.
"Мүмкін сіздерде сол жылғы газеттер сақтаулы шығар. Сол кезде орын алған бұл оқиға газет беттерінде жариялануы мүмкін деген өтінішін жеткізді. Біз мақаланы таптық. Мақала "Менің Сашамды асырап алыңыздаршы" деген атаумен жарияланыпты. Содан бері 45 жыл өтті. Олар бұл құпияны өмірінің соңына сақтап (ред. - баланы асырап алған кісілер), өлім аузында жатқан шағында ғана мойындады. Бала Сашаның қазіргі есімі - Дмитрий", - деді Кемешева.
Облыстық газетте жарияланған мақалаға сүйенсек, баланың анасы вокзалдағы адамдарға заттарын алып келгенше сәбиге қарай тұруын өтініп тастап кетіп, сол кеткеннен қайтып оралмаған. Баланың жанынан оның туған күні және асырап алу туралы өтініш жазылған қағаз ғана табылған екен.
Вокзалдағы тастанды сәби балалар үйіне жеткізіліп, артынша көп ұзамай оны Семейден келген әскери ерлі-зайыпты асырап алған екен. Кейіннен отбасы Украинаға, одан соң Беларусь еліне қоныс аударған.
Асырап алған ата-анасы сәбиге Дмитрий деген жаңа есім береді. Дмитрийдің айтуынша, балалық шағына қатысты еш нәрсе есінде қалмаған.
Журналистермен телефонмен сұхбаттасқан Дмитрий әкесі айтқан шындыққа қатты таңғалғанын айтады.
"Естігенде таңданысымды жасыра алмадым. Жағдайды енді-енді түсініп келемін. Әрине, біз бұл оқиғаның анық-қанығына жетіп, бірдеңені білгіміз келеді. Ата-анамның арқасында қатарымнан кем болмай өстім", – дейді Дмитрий.
Ол жазда жарымен бірге Өскеменге келіп, туыстарын іздеуді бастауға ниетті. Қазіргі таңда Дмитрий отбасылық, бала кезіндегі суреттерді жинастыруда. Бұл суреттер туған-туысқандарын іздеуде көмек болады деген ойын жеткізді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1954392-menin-sasamdy-asyrap-alynyzsy-45-zyl-buryn-vokzaldan-tabylgan-tastandy-bala-oskemennen-tugandaryn-izdeidi/