Бас прокуратура өкілі: "Дикий Арманның" қаруланған адамдары 24 бейбіт тұрғынды ұрлап кеткен

Опубликовано:

Жабайы Арман
Фото: Instagram/ armandzhumageldiev

"Дикий Арман" лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиевтің Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отырғаны белгілі болды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ожаровтың сөзінше, қазіргі таңда 18 қылмыстық топтың мүшесі - адам өлтіру, ұрлық, тонау, қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотты болған 21 тұлға ұсталған.

"Олардың қатарында "Дикий Арман" лақап атымен танымал Жұмагелдиев және оның топ мүшелері де бар. Бұл тұлға туралы жеке тоқталып өтейін. Оның қаруланған адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Оларды бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соққан. Нәтижесінде бір адам қаза болған.
Бұдан басқа қарақшылар 12 қалалық ауруханада полиция қызметкерін қатты соққыға жығып, қызметтік қаруын тартып алған. Осы фактілер бойынша бізбен қылмыстық істер тергелуде", - деді Ризабек Ожаров.

Осы ретте, Ожаров желіде Жұмагелдиевті белгісіз бағытта алып кетті деген ақпаратқа жауап берді.

"Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Жұмагелдиев босатылған немесе оны белгісіз бағытта алып кеткен деген түрлі болжамдар мен жалған ақпарат таратылуда. Егер басында полиция бұл азаматты заңсыз қару сақтағаны үшін ұстаған болса, қазір оған қатысты жаппай тәртіпсіздіктер бойынша іс тергеліп жатқанын ресми түрде хабарлаймын.

Қазіргі кезде арнайы прокурорлар екі қылмыстық істі біріктіріп, өз тергеуіне алды. Ал Жұмагелдиев Ұлттық қауіпсіздік қомитетінің тергеу изоляторына ауыстырылды", - деді Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1955004-dikii-armannyn-qarulangan-adamdary-24-beibit-turgyndy-urlap-ketken/