Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақтелеком" қазақстандықтармен тікелей байланысқа қайта шығады

Опубликовано:

Қуанышбек Есекеев
Қуанышбек Есекеев. Фото: «Қазақтелеком» АҚ

Бүгін - 8 ақпанда NUR.KZ сайтында "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевпен кезекті онлайн-конференция басталады. Еліміздегі ең ірі телекоммуникация компаниясының басшысы соңғы үш жыл көлемінде жылына екі рет - көктемде және күзде компанияның қызметіне қатысты қазақстандық аудиторияның ең өзекті сұрақтарына жауап беріп келеді.

Компания басшылығы алғаш рет өз абоненттерімен және "Қазақтелеком" АҚ қызметтеріне қосылғысы келетін басқа да қазақстандықтармен тікелей байланыс форматын біздің сайтта 2020 жылдың көктемінде, елімізде коронавируспен ауырған науқастар саны күрт өсіп кетпес үшін шектеу шаралары күшейтілген кезеңде сынап көрді. Ол кезде халық пен бизнесті жоғары сапалы, кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету №1 мәселе болды. Есекеев мырзаның айтуынша, бірінші онлайн-конференцияның респонденттері компаниядағы бірқатар ақауларды анықтап, оны жоюға және мәселені шешуге көмектескен.

2020 жылдың күзінде болған екінші онлайн-конференция барысында да "Қазақтелеком" пандемия кезінде іске қосылған компаниямен өзара әрекеттесу онлайн-құралдары арқылы өз клиенттерінен дәл осындай тұщымды пікірлер алған. Нәтижесінде NUR.KZ оқырмандарынан келіп түскен көптеген ескерту-пікірлер компанияға осы ресурстарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жақсартуға жағдай жасады.

"Осы платформа арқылы өзіміздің қазіргі абоненттермен де, компаниямыздың келешек тұтынушыларымен де байланысу мүмкіндігіне ие болдық. "Қазақтелеком" клиент сұранысына бағдарланған нарық ойыншысы болғандықтан, олардың барлық талап-тілектері мен пікірлерін ескеруге тырысады. Осы ретте біз өзіміз күткендей нәтижеге қол жеткіздік, өйткені компанияның қызметі мен жаңа өнімдері туралы объективті пікірлер естідік және тұтынушылардың бізден не күтетінін түсіндік. Ең бастысы, біз қазақстандықтардың "Қазақтелеком" АҚ қызметтеріне шынайы қызығушылық танытып отырғанын көрдік, себебі онлайн-конференциялар дәстүрге айналған шақта сұрақтардың басым бөлігі біздің компанияның қызметтеріне қосылуға қатысты екені белгілі. Компания соңғы жылдары өзінің технологиялық ауқымын айтарлықтай кеңейтті және қазір абоненттерді магистральды "оптикаға" қосудың әртүрлі құралдарына ие", – дейді Қуанышбек Есекеев.

"Қазақтелеком" басшысымен болатын онлайн-конференцияға NUR.KZ аудиториясының қызығушылығы тұрақты: 2020 жылы болып өткен алғашқы екі сұхбатқа 3 мыңнан астам адам қызығушылық танытса, 2021 жылы өткен екі конференция да компанияға дәл осындай көлемдегі аудиторияны қамтамасыз етті.

Өткен жылы күзде өткен сұхбат барысында Есекеев мырзаға біздің сайтта қойылған сұрақтардың саны 6 мыңнан асып жығылды. Осы кезде респонденттердің барлығына жылдам, жан-жақты жауап берілген болатын. Ірі компания басшысы 2022 жылдың 8 ақпаны мен 22 ақпаны аралығында осымен бесінші рет еліміздегі ең танымал онлайн-БАҚ-тың бірі - NUR.KZ оқырмандарымен тікелей байланысқа шығуға сақадай сай.

Компания басшысы бесінші онлайн-конференцияға келіп түсетін сұрақтар мен өтініштер саны бұрынғы конференцияларға қарағанда көбірек болады деген пікірде. Себебі өткен жылы компания бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы жаңа өнімдерді шығарып, абоненттік желісін кеңейткен болатын.

"Біздің компания қазір дербес түрде, сондай-ақ басқа операторлармен серіктестікте ауылдық жерлерді және қала маңын "оптикаға" қосу үшін желілер салуда, биыл еліміздің жеке секторын FWA бекітілген сымсыз қосылу технологиясын қолдану бағытында ауқымды жоспарымыз бар. Біз бұл туралы бұдан бұрын да хабарлаған болатынбыз және менің ойымша, биыл компания қызметінің осы сегментіне қатысты сұрақтар көп болады, өйткені алдыңғы онлайн-конференциялар кезінде сұраныстардың 50-ден 60%-ға дейінгі үлесі біздің қызметтерге қосылуға қатысты болған. Өкінішке қарай, біз барлық жерде жоғары жылдамдықты интернетке кабельді қосылуды қамтамасыз ете алмаймыз, бірақ FWA технологиясы бұл мәселенің тамаша шешімі болып отыр. 2022 жылы біз оны қалалық және ауылдық жерлерде, былайша айтқанда, "инфрақұрылымдық революция" жасау үшін пайдаланбақпыз", - дейді "Қазақтелеком" АҚ басқарма басшысы.

Сонымен қатар, компания қалалардағы көпқабатты үйлерді GPON технологиясы арқылы оптикаға қосуды жалғастырады, бұл ретте әрбір абонентке магистральды "оптикасы" бар жеке байланыс арнасы бөлінген.

Сондай-ақ, "Қазақтелеком" басшысы компанияның өткен жылы көктемде іске қосылған жаңа өнімі TV+ платформасы жөнінде баға беру мен ұсыныстар бойынша қазақстандықтардан белсенді "кері байланыс" күтеді. Бұл бірегей қосымша бір жылдан аз уақыт ішінде ондаған мың пайдаланушыдан тұратын аудитория жинап үлгерді, алайда Есекеев мырза атап өткендей, елдегі ең ірі байланыс операторы бұл өнімді өзінің абоненттері үшін бұдан да ыңғайлы етуге тырысады.

Компания осы және басқа да өнімдерін жетілдіру үшін қазақстандықтардың барлық ескертулерін (биылдан бастап платформа "Қазақтелеком" АҚ-мен қызмет көрсету туралы келісім-шартының бар-жоқтығына қарамастан еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді) алдағы уақытта ескеруге дайын.

"Еліміздегі ең танымал онлайн-БАҚ-тың құрметті оқырмандары, ақпан айындағы онлайн-конференциямыз үлкен аудитория жинайтынына сенемін, өйткені қазіргі таңда халық пен бизнесті жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселесі еліміздің әлеуметтік-экономикалық күн тәртібінде алдыңғы қатарда тұр. Біз NUR.KZ оқырмандарына өз қызметімізге қатысты оларды қызықтыратын кез келген тақырып бойынша жан-жақты ақпарат беруге дайынбыз, сонымен бірге, сіздердің тараптарыңыздан біздің компанияның жұмысына объективті баға беріледі деп үміттенеміз. Алдыңғы онлайн-конференциялар барысында біз ұсынатын қызметтер мен қызмет сапасына қатысты өтініштеріңіз бен пікірлеріңіздің үлесі едәуір азайғанын байқадық: бұл біздің жұмысымызға тұтынушылардың көңілі толатындығының жанама дәлелі", – дейді Қуанышбек Есекеев.
"Бірақ біздің тарапымыздан жіберілуі мүмкін барлық кемшіліктерді жоюға қолданып жатқан шаралардың дұрыстығын анықтау үшін қызметімізге деген көзқарасыңыздың осы социологиялық "өлшемдерін" үнемі жаңартып отыру компания үшін маңызды. Сонымен қатар, бұл платформа бізге қазақстандықтар үшін телекоммуникация саласының қандай сегменттерін жетілдіру керектігін жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Осы орайда бірлесе отырып, компаниямыздың жұмысын жақсарту үшін алдағы екі аптада онлайн-конференцияға белсенді қатысуға шақырамын", - деп түйіндеді ол өз сөзін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1955148-qazaqtelekom-qazaqstandyqtarmen-tikelei-bailanysqa-qaita-sygady/

pixel